ШҚО драма және оперетта театрында өткен Қазақстан драма театрларының 30-шы республикалық фестивалі кезінде Қазақстанның Халық әртісі өнер саласының артықшылықтарын талдап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Тарихи фильмдерден бастап, қорқынышты киноларда да өзіндік образ қалыптастырған өнер иесінің сөзінше, театр деген сол елдің мәдениеті мен эстетикалық талғамын көрсетеді.
– Фестивальдердің көп болғаны жақсы. Әрине, сан емес, сапа басшылыққа алынуы тиіс. Фестивальдердің арқасында театр өнерінің қандай деңгейде екенін білуге болады. Қазақстанда 70-ке тарта театр бар. Әрқайсысының өміршеңдігі мен шығармашылық деңгейі әртүрлі. Тақырып аясы тұрғысында өзгешеліктер байқалады. Театр қазақ халқына қашан да жақын болған. Себебі, жұртымыз әнге, театрландырылған көріністерге ерекше ден қойған. Мұны тарих беттерінде тарамдалған түрлі оқиғалардан оқыған да боларсыздар. Тіпті тойлардағы қыз қуу сияқты сергіту сәттерінен театрдың элементтерін байқауға болады, – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Белгілі актер Өскеменде өтіп жатқан фестивальдің төркіні бәсекеге өрілсе де, түбі өнерпаздар үшін үлкен тәжірибе болатынын баса айтты. Оған қоса, драма театрының қазіргі келбеті де заманауи.
– Барлығы он театр қатысады екен. Шығыс елінде театр мерекесінің бөгеуі ағытылғаны одан сайын қуантады. Ғимараты соңғы үлгімен салынған. Мұнда үш труппа жұмыс істейді: қазақ, орыс және жастар. Мықты актерлер қызмет етіп жатыр. Театр репертуары, репертуарлық саясаты ерекше. Әртістердің аты-жөндерін де білемін, өзім мұнда талай рет келгем, – деді актер.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Пікірлер