A+ A A-

talgatzhan 91 Бүгін, 12:10 0

Самар ауылында жаңа бастауыш мектеп ашылды

Бүгін / Басты / Самар

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданына жұмыс сапары барысында Самар ауылында жаңадан ашылған Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектеп жұмысымен танысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

1 қыркүйекте пайдалануға берілген жаңа мектеп ғимараты 150 оқушыға арналған. Ауылда 40 жылдан астам уақыттан кейін алғаш рет жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп отыр.
– Облыстық бюджет есебінен салынған заманауи екі қабатты нысанның жалпы аумағы шамамен 3,8 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда балалардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған, – делінген облыс әкімдігі бөліскен мәліметте.
Мектепте заманауи оқу кабинеттері, спорт залы, кітапхана және асхана жұмыс істейді. Сонымен қатар логопед кабинеті, балаларға арналған шағын орталық және шағын футбол алаңы қарастырылған.
– Жаңа оқу жылында Самар ауданында 172 бала бірінші сыныпқа барды. Оның 14-і Ыбырай Алтынсарин атындағы бастауыш мектепте білім алады, – делінген ақпаратта.
Нұрымбет Сақтағанов оқу кабинеттерінің жабдықталуын, балаларға жасалған жағдайды көріп, білім ордасы жұмысымен танысты. Аймақ басшысы ауыл мектептерін жаңғырту – балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасаудың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы бойынша білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыл мектептерінде де қаладағыдай жағдай болуы керек. Оқушылар жайлы сыныптарда заманға сай білім алуы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты ары қарай жалғастырамыз, – деді облыс әкімі.
Мектеп директоры Надияр Мұратқызының сөзінше, мектепте 75 бала оқиды. Оның 65-і бастауыш, 10-ы мектепалды даярлық сыныбы. 12 оқу кабинеті бар. Жалпы, 1957 жылдан бері оқушылар ескі мектепте білім алған. 
– Барлығы жаңа, заманауи стильде салынған. Мұғалім тапшылығы жоқ. Әзірге мектеп орыс тілінде. Жаңа оқу жылынан бастап 9-сыныптық, аралас мектеп болады, – деді директор.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив