
Шығысқазақстандық Жанна Құсманова 45 жылға жуық ғұмырын медицинаға арнаған
Денсаулық күзетінде жүрген көптеген жерлесіміз бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, реті келгенде еңбегі еленіп жатыр. Табан аудармай 30, 40 жыл бойы тер төккендері бар. Жана Құсманова санитарлық-эпидемологиялық станцияда еңбек жолын бастап, бірқатар ауданда жемісті жұмыс істеді. Кәсіби мереке қарсаңында кейіпкеріміз туралы материал әзірлеуді жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салғырттыққа бой бермейтін санитар
Жанна Зайнушқызы 1989 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «Гигиена, санитария, эпидемиология» мамандығы бойынша тәмамдап, дәрігерлік қызметін санитариялық-эпидемиологиялық жүйемен байланыстырды. Оның еңбек жолы 1982 жылы Катонқарағай ауруханасында кезекші санитар ретінде басталған. Яғни, медицина саласындағы еңбек өтілі қазірдің өзінде 44 жылға жуық уақытты қамтиды.
Кәсіби жолының алғашқы кезеңінде ол Лениногорск санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-интерн, кейін Самар санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-эпидемиолог, Күршім аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясында дәрігер-бактериолог қызметтерін атқарып, эпидемиологияның әртүрлі бағыты бойынша мол тәжірибе жинақтады. 1997 жылдан бастап Тараз қаласының санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесінде дәрігер-эпидемиолог болып еңбек етіп, кейін эпидемиологиялық бөлімнің бас маманы қызметіне дейін өсті. 2004 жылдан бастап мемлекеттік қызметке қабылданып, өзінің кәсіби білімін мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы қызметімен ұштастырды.
2006 жылдан кейін Жанна Зайнушқызы еңбек жолын туған өңірі – Шығыс Қазақстан облысында жалғастырды. Күршім ауданында иммунопрофилактиканы бақылау, эпидемиологиялық қадағалау бағыттарында қызмет атқарып, кейін бас маман ретінде жауапты міндеттерді орындады.
Бақылау бөлімінде – бас маман
Күршімдегі жылдар – маман ретінде тәжірибе қалыптастырып, өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына елеулі үлес қосқан кезеңдердің бірі болды. Аудандық деңгейдегі жұмыстың ерекшелігі сол, халықпен тікелей жұмыс істеп, эпидемиологиялық жағдайды күнделікті бақылауға мүмкіндік аламыз. Бұл міндеттің барлығы жоғары жауапкершілік пен тиянақтылықты талап етті, – дейді жерлесіміз.
2018 жылдан бастап Жанна Зайнушқызы Өскеменде инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бағыты бойынша қызметін жалғастырды. Ал 2020 жылдан бастап санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесінде инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау саласында еңбек етіп келеді.
Бүгінде ол Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің бас маманы қызметін атқарады.
Жанна Құсманованың кәсіби жолына көз жүгіртсек, оның еңбек тәжірибесінің негізгі өзегі бір арнаға тоғысатынын көруге болады. Ол – адам денсаулығын инфекциялық аурулардан қорғау, аурулардың алдын алу және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Тынымсыз жұмыспен келген тәжірибе
Жерлесіміздің еңбек жолы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесінің бірнеше тарихи кезеңімен сабақтасып жатыр. Мекемелердің атауы мен құрылымы өзгергенімен, негізгі мақсат өзгерген жоқ: халық денсаулығын қорғау.
Әсіресе инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау – санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің аса маңызды бағыттарының бірі. Аурудың алдын алу үшін эпидемиологиялық ахуалды үздіксіз бақылау, мәліметтерді талдау, профилактикалық шараларды ұйымдастыру, қажет болған жағдайда жедел әрекет ету қажет. Бұл жұмыстың нәтижесі кейде көзге көрінбегенімен, оның қоғам үшін маңызы зор.
Жанна Зайнушқызы сияқты тәжірибелі мамандардың кәсіби жолы – санитариялық-эпидемиологиялық қызмет сабақтастығының жарқын үлгісі. Бірнеше буын мамандарымен бірге қызмет етіп, олардың тәжірибесін көріп, өзі де жас мамандарға кәсіби бағыт-бағдар беріп келеді.
– 42 жылдан астам уақыт – жай ғана сан емес. Бұл медицина мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметке арналған тұтас ғұмыр деуге болады. Осы жылдар ішінде бірқатар шиеленісті жағдайдың алдын алуға, халық денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстарға атсалысып, ісіме адалдығымды дәлелдеуге тырыстым, – деді ол.
Осы мамандық қызметкерлерінің еңбегі көбінде күнделікті тыныштықтың артында тұрады. Егер жұқпалы аурудың таралуына жол берілмесе, қауіпті инфекция дер кезінде анықталса – мұның барлығында осы сала мамандарының еңбегі бар десек қате айтпағанымыз. Сондықтан санитариялық-эпидемиологиялық қызметкер болу – тек мамандық емес, зор жауапкершілік әрі қоғам алдындағы азаматтық міндет.
Баян ӨТЕПҚАЛИ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер