A+ A A-

talgatzhan 57 4-10-2024, 14:20 1

Тәртіп күзетіндегі әулет: ШҚО-да полицейлер отбасы бір салада еңбектенудің артықшылықтарын айтып берді

ШҚО

Облыс аумағында ұстаздар, дәрігерлер, атбегілер сияқты өз бағытында біршама биікті бағындырған династиялар аз емес. Олардың айтар әңгімесі де, өмірлік ұстанымы да тыңдауға тұрарлық тұщымды дүниелерге толы. Бұл жолы тәртіп шеңберінде талай жыл шеп құрған Нұрмұхамбетовтер отбасы жайлы сөз етуді жөн көрдік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Расымен де, өсіп-өніп, ұрпағымен тамырын тереңге жайған әулеттер әркез дәстүр құндылығы мен сабақтастығының, таңдалған мамандыққа және өмір жолына құрметпен қараудың үлгісі болып келеді.
- Жұмыстың оңайы жоқ деген рас. Біздің сала өзінше күрделі. Түрлі мінез, түрлі эмоцияға ие адамдармен жұмыс істейміз. Ішкі істер органдарындағы полиция әулеттері баршылық. Солардың бәрі жұмыстан шашау шығармауға тырысып, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға дағдыланған, - деді Өскемен қ. ПБ Жедел басқару орталығының бастығы полиция майоры Дастан Нұрмұхамбетов.
Кейіпкеріміз әке жолын қуып отбасылық әулетті жалғастырған. Мамандық таңдауда қателеспегеніне сенімді.
- Кейде адам мамандық таңдап, уақыт өте келе оның оған сәйкес келмейтінін түсінеді. Сол үшін де жастық шақта жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, соңында таңдау жасауда жаңылыспауға ұмтылу керек. Біз өз таңдауымызды саналы түрде жасадық және оған ешқашан өкінбейміз. Полиция отбасыларының балаларына қызметті бірден қабылдау, үйренісу оңайырақ. Олар әкелерінің, аналарының қалай жұмыс істейтінін көреді және тәртіпті сақтау үшін саналы түрде қызмет атқарады, - дейді Дастан Серікбайұлы.
Жерлесіміз болашақ жарын осы қызмете жүріп кездестірген. Жарасымды жұп отбасы құрып, балаларының қызығына тоймай келеді. Жары Ақботамен 2013 жылы танысты. Бидай өңді, бұрымдыға тән ұяң мінезді һәм жұмысқа келгенде пысық-ширақ. Марқакөл ауданына қарасты Қалжыр ауылының тумасы. Оқушылар арасындағы «Гауһар лига» саналатын «Сәулетай» балалар спорт сайысына қатысып, жүлделі 2-ші орынға ие болды. Ауылда жүріп әбден шыныққан бойжеткен Алматыдағы Орта Азия университетінің колледжінде оқып жүргенде де спортты тастамады. Өзінің айтуынша, бала кезінен форма киіп, тәртіп сақшысы болуды арман етті. Кейін соны мақсатына айналдырып, оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдады. 
- Қауырт жұмысқа 2008-ші жылы кірістім. Облыстық Полиция департаментіне қарасты Өскемен қалалық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болып, біршама тәжірибе жинақтадым. Бес жыл көлемінде жұмыстың қыр-сырына қанығып, көп нәрсеге дағдыландым, - деді Ақбота Нұролдақызы.
Жұмыста жинақы, тапсырмаға тиянақты нәзік жанды 2013 жылдың қаңтарында Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті Тәрбие және кадр жұмысы басқармасына ауысып, бүгінде сонда еңбектеніп жатыр. Арқасүйер азаматының айтуынша, екеуінің де полицияда қызмет атқаратындарының өзіндік артықшылықтары бар.
- Мәселен, біріміз түнгі кезекшілікке шығып, үйге кеш келіп жатамыз. Демалыс немесе мереке күндері біріміз болмай қаламыз. Сол кездері жақсы, түсініспеушілік деген болмайды. Жұмыс барысы екенін жақсы түсінеміз, - деді Дастан Серікбайұлы.
Отағасы адал жарының атқаратын қызметі көп уақыт пен күш жұмсауды қажет етсе де, оның керемет ана, қамқор жар болуға кедергі келтірмейтінін жеткізді.
Айта кетер жайт, Дастан Нұрмұхамбетов бұл салаға әкесі Серікбай Рамазанұлының жолын қуып келген. Кейіпкеріміздің әкесі 25 жылдан астам уақыт Ішкі істер органдарында қызмет етіп, Өскемен қаласы ІІБ кезекші бөлімінің бастығы қызметінен зейнетке шықты.
Ал Дастан Серікбайұлы мен Ақбота Нұролдақызы бір-біріне деген сенім мен риясыз сезімді жалғап, әріптестерімен бірге бір саланың қазанында қайнап келеді. Шаңырақ көтергендеріне 10 жыл болған. Отбасылық құндылықтарды насихаттай отырып, үш баланы тәрбиелеп отыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 1

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Мадияр
Мадияр
18 қазан 2024 00:32
0

Серік аға жан жақты мықты тұлға. Осындай ел ағаларымыз көп болсын елімізде!