Күн райынан ақпарат ұсынатын хабаршылар күздің екінші айына өз болжамдарымен бөлісті. «Қазгидромет» РМК мәліметіне сенсек, қазанда ауа райы жиі құбылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бірінші онкүндікте тұрғындар бетінен самал жел өбіп, салқындық сезеді. Күндізгі температураның өзі қайта-қайта өзгеріп, бірде салқын, бірде жылынып шыға келеді. Нақты жазсақ, Тарбағатай, Зайсан аудандары аумағында күндіз термометр +20°С, түнде +3+8° аралығын көрсетпек. Облыстың шығыс бөлігінде түнде 0°С-ден +2+3° шамасында құбылады.
Екінші онкүндікте айдың басындағыдай термометр сол мөлшерді көрсетеді. Самар, Күршім, Ұлан аудандары маңында күндіз +3°С-ден +6+11°С аралығында өзгереді. Қазанның ортасына таман көп ауданда сәл жылынады. Тіпті, басқаларға қарағанда қар ерте түсетін Риддер қаласы, Алтай, Глубокое, Катонқарағай аудандарында күндіз +11+14°С жылылықты көрсетеді деп болжануда. Түнде бірқатар ауданда +2+3°С шамасында болуы ықтимал.
Үшінші онкүндікте біртіндеп суытып, қазан айының 25-не таман температура күрт төмендейді. Күндіз температура -5°С-ға дейін суытып, түнде -6-8°С-ға жетуі мүмкін. Осындай кезең 2-3 күнге жалғасады. Бірақ ай аяқталмай күннің көзі қайта жылуын төгіп, сынап бағаны +5+10°С-қа дейін жылынуы ықтимал.
– Бір айдағы ауа райының құбылуы нормадан сәл асады. Жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады. Көлігі барлар да қамдануы тиіс, әйтпегенде көктайғаққа тап келеді. Бірінші және екінші онкүндікте кей өңірде жауын күтіледі, – делінген ақпаратта.
Фотосурет ташық дереккөзден
Пікірлер