A+ A A-

40 7-10-2024, 15:52 0

Өскеменнің дәл іргесінде сарқырама бар екенін білесіз бе?

ШҚО / Пайдалы

Демалыс күндері қаланың у шуы мен күйбең тіршілігінен шаршап, бой жазғыңыз келсе, Өскеменнен ұзап, сапар шегудің қажеті жоқ. Себебі қаланың іргесінде де табиғаты көз тартар демалыс орындары жетерлік. Соның бірі – Аблакет өзенінің бөгетінде орналасқан сұлу сарқырама, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Сарқырама дегенде көз алдымызға тік жартастан құлай ағатын кербез көрініс елестейтіні рас. Десек те бұл сарқыраманың да саф ауасы, кәусар бұлағы тынысыңды ашып, алпыс екі тамырыңа рух береді. Айтарлықтай ірі болмаса да, оны қоршай орналасқан табиғаттың әсемдігіне талас жоқ. 
Биіктігі шамамен екі метрден асатын сарқырама қаладан шыға берісте, «Өскемен - Самар» тас жолының бойында, Ұлан ауданына қарасты Мамай батыр ауылы іргесіндегі Аблакет өзенінің бөгетінде орналасқан. Облыс орталығынан шамамен 20 шақырым жердегі демалыс орнына өз көлігіңізбен еш кедергісіз жетесіз. Аблакет өзенінің оң жағалауы мен сол жағалауын қосатын қара жол һәм темір көпір бар. Демалыс күндері бұнда келетін халықтың қарасы көп. Қала тұрғындары қыс түсіп, өзеннің суы қатқанға дейін сарқыраманың жағасында сейіл құрғанды ұнатады. Аблакет өзенінің жағасында арнайы демалыс орындары жоқ, жағдай жасалмаса да, демалам деген адамның жан рахатын табатыны анық. Жергілікті шаруа қожалығы сарқыраманың жанында, қайың-қарағайдың түбінде, саялы орында киіз үй тігіпті. Отбасыңызбен я жора-жолдастарыңызбен табиғат аясында бас қосатын таптырмас орын. 
Соңғы уақытта демаламын деп келіп, даланың дертін асқындырып, қоқыс төгіп, ластап кететіндер көбеюде. Сарқырамаға келетін қауымның қарасы көбейген сайын, жағалауды қоқыс жайлап барады. Өкініштісі сол, арнайы қоқыс жәшігі мен қазық қып қаққан ескерту тақтайшасы жоқ. Дала қоқысқа толған сайын, сарқыраманың саф ауасы ластанып, сұлулығына қайшы рең берері анық. Жергілікті әкімдік дәл осындай қала іргесіндегі демалыс орындарына көңіл бөліп, тым құрығанда қарапайым қоқыс жәшігін орналастырса дейміз. Дәл осы мақаланы оқи отырып, жол түсіп сарқырамаға келсеңіз, міндетті түрде қоқысыңызды өзіңізбен ала кеткеніңіз абзал. Табиғатты аялайық, оқырман!

Дидар ЕРБОЛАТҚЫЗЫ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив