Облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы 95 автокөлік сатып алу туралы ұсыныс мақұлданды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шығыста өртке қарсы барлығы 466 техника мен 4 мыңнан астам құрал-жабдық сақадай сай тұр. - Соңғы 6 жылда орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен 1 млрд 960 млн теңге бөлінді. Биыл жалпы сомасы 202,5 млн теңгеге 5 шынжыр табанды трактор сатып алынды. Сондай-ақ облыстың орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы лизингтік қаржыландыруға жалпы сомасы 3 млрд 971 млн 800 мың теңгені құрайтын 95 автокөлік құралдарын сатып алу туралы ұсыныс мақұлданды, - деді ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов. Жалпы жыл басталғалы облыстағы мемлекеттік орман қоры шаруашылықтарында 7 рет өрт болған. Өрт шарпыған жердің ауданы 1,09 гектарды құрайды. - Өткен жылмен салыстырғанда биыл өртенген жер аумағы едәуір аз. Мәселен, былтыр жалпы аумағы 478,4 гектар болатын 51 өрт оқиғасы тіркелді, шығын сомасы 15,7 млн теңге. Ал соңғы бес жылда мемлекеттік орман қорының орман шаруашылықтарында шыққан өрт 1 млрд 254 млн теңге шығын келтірген, - деді басқарма басшысы. Өңірде орман өрттерінің алдын алу мақсатында 90 км минералданған жолақтар құрылып, ұзындығы 819 км болатын қолданыстағы минералданған жолақтарға күтім жасалды. Сондай-ақ 340 ескерту тақтасы орнатылып, 26 тікұшақ алаңы салынғаны мәлім болды.
Пікірлер