Бүгін бірнеше аудан жұрты Бұқтырма су қоймасы арқылы салынған көпірдің ашылуын атап өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақ басшысы Ермек Көшербаев алдымен осы бағытта тер төккен азаматтарға алғыс білдіріп, көпір құрылысы бойынша кестеден кешікпеген компанияға алғыс білдірді.
– Бүгінде Шығыс Қазақстанда ең үздік, ең кәсіби деңгейде жұмыс істеп, көпірлер салатын компаниямыз бар. Өнеркәсіп, құрылыс, кәсіпкерлік және туризм салаларының қарқынды дамуына жол ашып отыр. Ауыл тұрғындары жылдар бойы жаз бен күздің алғашқы айларында пароммен қатынаса, қыста мұз үстімен жүретін. Енді бұл мәселе толығымен шешілді. Біздің басты мақсатымыз – халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді өңір басшысы.
Мәлім болғандай,облыстағы «Жол жылы» аясында 600 шақырымды жөндеу жоспарға қойылды. Шығыс Қазақстанда кеңестік кезеңде де, соңғы 30 жылды алсақ та, мүлде асфальт төселмеген 70-тен астам ауыл бар.
– Біртіндеп соны қолға алдық. Осы жылы он бір ауылға асфальт төселді. Жұмыстар жалғасын таба бермек. Күні кеше ресми жиында айтқандай, көпірдің атауын халықпен кеңесіп барып, қоймақпыз, – деді Ермек Беделбайұлы.
Пікірлер