A+ A A-

talgatzhan 0 Кеше, 22:00 0

Шығыс Қазақстанда республикалық жолдарды су тасқынынан қорғау шаралары күшейтілді

ШҚО
Шығыс Қазақстан облысындағы жол қызметтері республикалық маңызы бар тасжолдардың су тасқыны қаупі жоғары учаскелерінің санын қысқартты. Екі жыл бұрын мұндай учаскелер саны 13 болса, қазір олардың саны 5-ке дейін азайып отыр.
Бұл көрсеткішке инженерлік жұмыстардың нәтижесінде қол жеткізілді. Атап айтқанда, көпірлер салу, қосымша су өткізгіш құбырлар орнату және жол инфрақұрылымын нығайту жұмыстары жүргізілген.
- 2024 жылдың қорытындысы бойынша бізде 13 су тасқыны қаупі бар учаске болған. Өткен жылы көпірлер салынып, су өткізгіш құбырлар орнатылды. Қазіргі таңда мұндай учаскелердің саны бесеу ғана, - деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ШҚО филиалының директоры Нұрбек Темірханов.
Бүгінде өңірдегі республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 1238 шақырымды құрайды. Онда 88 көпір және мыңнан астам су өткізгіш құбыр орналасқан. Олар еріген қар суының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді.
- Су басу қаупі бар учаскелердің барлығында су тасқынына қарсы шаралар жүргізіліп, жолды су басу қаупін азайту үшін қорғаныс  үйінділері тұрғызылды. Біз тұрақты түрде рейдтік тексерулер жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, - деді Жол активтері сапасы ұлттық орталығы ШҚО филиалының бөлім басшысы Саяхат Мұсапыров.
Сонымен қатар, жол қызметтері су тасқыны қаупіне жедел әрекет ету үшін қажетті материалдарды дайындап қойды. Атап айтқанда, 2000 м³ құм-қиыршық тас қоспасы, 10 мың ыдыс-қап дайындалды.
- Өңірде жедел әрекет ету үшін арнайы апаттық бригадалар құрылған. Қар қарқынды еріген кезеңде олар жолдардың ең күрделі учаскелерінде тәулік бойы кезекшілік атқарады, - деді «Қажсервис» ЖШС ШҚО филиалының директоры Нияз Садықов.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив