
ШҚО-да су тасқыны кезеңіне дайындық пен өрт қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді
Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен жиын барысында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб құрылған. Ол су тасқыны жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіп, тиісті қызметтердің жұмысын үйлестіреді.
Жағдай күрделене түссе әрекет ету үшін 3677 адамнан тұратын азаматтық қорғау күштері дайындалған. Сонымен қатар 556 техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа жұмылдырылмақ.
Күштер құрамына ТЖД бөлімшелері, ТЖМ құтқару батальоны, жергілікті атқарушы органдар, Ұлттық ұлан, Полиция департаменті және Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері кіреді.
Халықты эвакуациялау және күштерді жедел жеткізу үшін Ми-8 және Ми-2 тікұшақтарын қоса алғанда, 11 әуе кемесі тұрақты дайындықта тұр.
Жыл басынан бері Үлкен Нарын, Самар, Алтай, Катонқарағай және Ұлан аудандарында су тасқыны қаупі бар учаскелерге үш рет әуеден бақылау жүргізілді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, аумақта қар қалың жатыр, Бұқтырма өзені толықтай мұз құрсауында, кей жерлерде ғана ойықтар байқалады.
Жуықта ТЖД мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Алтай ауданы мен Риддер қаласындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерді тексеріп, қорғаныс құрылыстары мен елді мекендердің дайындығын бағалады.
Келесі әуеден бақылау ертең Марқакөл, Тарбағатай және Зайсан аудандарында жүргізіледі.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, қар қорының көпжылдық орташа көрсеткіштен жоғары болуы Зайсан, Шемонаиха, Тарбағатай және Үлкен Нарын аудандарында байқалып отыр. Қазіргі уақытта облыс өзендеріндегі гидрологиялық жағдай тұрақты, су деңгейі қауіпті межеден төмен.
Қазіргі уақытта су өткізу құбырларының 58%-ы және көпірлердің 71,6%-ы тазартылды. Бұл жұмыстарды 20 наурызға дейін аяқтау жоспарланған. Еріген қар суларын өткізу үшін инертті материалдар, құм салынған қаптар мен құрал-жабдықтар дайындалған.
Өткен дүйсенбіде Тарбағатай ауданындағы «М-38 Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар» облыстық жолында еріген қар суы жол үстінен асып өтті. Алайда жолды шайып кетуге жол берілмей, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Жағдай бақылауда.
Айта кету керек, облыстағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырымды құрайды. Онда төрт мыңға жуық су өткізу құбыры және 250-ден астам көпір бар.
Жыл басынан бери өңірде тіркелген өрттердің басым бөлігі тұрғын үй секторында болған. Сондай-ақ көліктер де жанған.
Өрттердің негізгі себептері - электр жабдықтарын және пешпен жылыту жүйелерін пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталмауы.
Өрт салдарынан 11 адам қаза болған, оның үшеуі - балалар. ТЖД мәліметінше, қайғылы оқиғалардың барлығында балалар ересектердің қарауынсыз қалған.
Сондай-ақ жиналыста басқа өңірлерде болған резонансты оқиғалар - Щучинск қаласындағы дәмханада газ-ауа қоспасының жарылуы және Семейдегі ойын-сауық орталығындағы өрт те сөз етілді. Осыған байланысты адамдар көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов су тасқынына дайындық және өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрмыстық газ баллондарын және газ жабдықтарын пайдалану барысын қатаң бақылауға алуы, Білім басқармасы мектептерде қауіпсіздік сабақтары мен эвакуациялық жаттығуларды ұйымдастыруы тиіс. Сонымен қатар кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Бұл әсіресе Ораза айт пен Наурыз мейрамы қарсаңында өзекті.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер