A+ A A-

talgatzhan 46 Бүгін, 10:50 0

Жолнұсқау ауылының жұрты тұрғындар саны азайды деп дабыл қақты

Бүгін / Күршім / Өзекті мәселе

Облыстан бөлек, ел көлемінде шалғай жатқан ауылдардағы халық саны жыл сайын азайып келеді. Оған бірнеше себеп бар. Инфрақұрылым, ауызсу, жұмыссыздық және басқасы. Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы 2 жылда 199 ауыл жойылған. Бұл мәселе Шығыста да бар. Атап айтсақ, шекара шебіндегі аудандарда ауыл саны қысқарып, жойылудың аз-ақ алдында тұр. Күршім ауданына қарасты Жолнұсқау ауылы халқы да осыдан қорқады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ата-аналар алаңдаулы

2025 жылы шыққан түрлі статистикаға сенсек, Қазақстанда екі жылда 80 ауыл жойылып кеткен. Бұны Мәжілісте ауылдық аумақтарды дамыту мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел барысында депутат Жигули Дайрабаев та растады. Мәжіліс депутаты ресми деректерге сүйене отырып, 2024 жылғы 1 қазанға қарай Қазақстан халқының 37,2 пайызы ауылдарда тұрып жатқанын айтты.

– Жыл сайын бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бүгінде Қазақстанда 6208 ауыл бар, ал 2023 жылы олардың саны 6286 болған. Осылайша, бар болғаны екі жыл ішінде 80 ауыл жойылды. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, былтыр қазақстандық ауылдардағы көші-қон сальдосы минус 111 400 адам болған, – деді Дайрабаев.

Мамандардың айтуынша, бұның басты себебі сол, жастардың жұмыссыздығы.

– Жұмыс таппаған соң қалаға кетуге мәжбүр. Сосын сол жақта үйленіп, балалы-шағалы болып, ауылдағы қарт ата-анасын көшіріп алады. Бұл бірінші себеп. Екінші айта кететін жәйт, инфрақұрылымның дамуы. Қазір шеттегі ауылдардың көбінде жол жаман, интернет баяу, тіпті жоқ десек те болады. Әлі су тасып ішіп жүрген ауылдар да бар. Сондықтан ең бірінші соны түзетуіміз керек, – дейді әлеуметтанушы Саягүл Ибраева.

Ал жуықта редакцияға қоңырау шалған Жолнұсқау ауылының тұрғындары елдімекен жұрты азая берсе, мектеп жабылуы мүмкін деп үрейленіп отыр.

– Бұл – біздің ауыл үшін үлкен мәселе. Соның салдарынан мектебіміз жабылып қала ма деген қорқыныш бар. Өйткені биыл бастауыш сыныпта бір ғана сынып қалды. Жаңа оқу жылынан бастап кей сыныптар біріктіріліп, кейбірінде небәрі 2-3 оқушы ғана оқып отыр. Қазір мектепте 2-ші сыныптан және 5-11 сыныптардан барлығы 24 оқушы білім алып жатыр. Ал мектепалды даярлық сыныбында үш бала бар. Болашақта осы мектебіміз жабылып қалмаса екен деп тілейміз. 2022 жылдың желтоқсан айында ғана жаңа мектеп ашылып, соған кірген едік. Ауылды ұстап тұрған – осы мектеп, сондықтан бәріміз қатты алаңдаймыз, – деді ауыл тұрғыны Лаура Межірбаева.


Ауылда қанша адам тұрады?

Ресми ақпаратқа сенсек, қазір ауылда барлығы 206 тұрғын бар. Соңғы деректерге сәйкес, 2021 жылдан бастап мұндағы жұрт 50 адамға азайған. Аталған мәселе бойынша Күршім ауданының әкімдігіне сұраухат жолдаған едік. Онда мұнда қазір 0-16 жас аралығында – 35; 16-29 жас – 41; 30-62 жас – 97; 63 жастан асқан 33 адам тұратыны жазылды.

– Жолнұсқау негізгі орта мектебіндегі оқушылар саны – 24, 11 мұғалім білім береді. Ауылда Мәдениет үйі, дәрігерлік пункт, бір мектеп жанынан ашылған шағын орталық жұмыс істеп тұр. Инфрақұрылым – ауыл халқының әл-ауқатын арттырудың басты тетігі. Бүгінде елдімекендердің дамуына ерекше мән беріліп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдарды таза ауызсумен, сапалы жолмен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Жолнұсқау ауылы электр желісімен қамтылған, көлік жолы бар. Ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамту үшін блок модульді станция, электр бағандарына 40 көше шамы орнатылған, – делінген ресми жауапта.

Тұрғындар сөзінше, ауылда инфрақұрылымның дамымауы да көші-қонға әсер етуде. Жолнұсқауға апаратын жол жағдайы да көңіл көншітпейтін көрінеді.

– «Күршім-Ақсуат-Жолнұсқау» автожолының ұзындығы 78,5 км құрайды. Осы жолдың 55,5 шақырымы «ОблШығысЖол» ЖСШ, ал (Ақсуат ауылына баратын) бұрылыстан Жолнұсқау ауылына дейінгі 17,3 шақырым жолды (тас жол) жазғы және қысқы мезгілдерде күтіп ұстауды Күршім ауданы әкімдігінің «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны жүзеге асырады. 2025 жылы жолға қиыршық тас төгілген, – делінген әкімдік жауабында.

Ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі – балық шаруашылығы. Балыққа сұраныс артып, табыс молайса, ауылға қайта оралатындар да көбейеді екен.

– Балықшы мамандар келсе екен дейміз. Біз – ұйыған, береке-бірлігі жарасқан ауылмыз. Келген адамдарға қолымыздан келгенше көмектесуге дайынбыз. Тек ауылымыздың шеті сөгіліп, ыдырап кетпесе екен дейміз, – дейді ауылдастар.


Мектеп жабылуы мүмкін бе?

Ресми ақпаратта соңғы үш жылда ауылдан 18 отбасы көшіп кеткендігі жазылған. Ал «мектеп жабылып қалуы мүмкін бе?» деген сауалымызға әкімдік өкілдері жауап берді.

– 2026-2027 оқу жылына болжаммен мектепалды даярлықта үш бала, 1-9 сыныптарда – 24 бала, шағын орталықта жеті бала тәрбиеленуде. Келесі оқу жылында барлығы 31 бала оқиды деп жоспарлануда. ҚР Оқу ағарту министрлігінің 2022 жылғы 31 тамыздағы №385 бұйрығына сәйкес, тұрғындар саны аз әр елдімекенде бастауыш шағын жинақты мектептердегі білім алушылардың саны 5-тен 40 адамға дейін: негізгі шағын жинақты мектептердегі білім алушылардың саны 81-ден 180 адамға дейін болған жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан білім ордасы жабылмайды. Жолнұсқау ауылын дамыту немесе сақтап қалу үшін аудан әкімдігі тарапынан соңғы жылдарда 50 орындық жаңа мектеп, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт, көпбалалы отбасыларға арналған екі жаңа үй, балалар ойын алаңы, шағын футбол алаңы салынды. Ауыл көшелері жарықтандырылды, – делінген ресми жауапта.

Ауылға көшіп келемін деушілерге де жағдай қарастырылған. Берілген мәліметтерге сүйенсек, тұратын үй тауып беру, мемлекет тарапынан көші-қон бағдарламасы бойынша берілетін көмекті уақтылы алуына көмектесу, ауылдағы жұмыс істеп тұрған мекеме қызметкерлері және шаруа қожалықтары қажетінше көмек береді.

Шығыста халқы аз ауылдар көп. Оның ішінде Шемонаиха, Марқакөл, Катонқарағай аудандарын мысал етуге болады. Мәселен, ел арасында «Қаба» атанып кеткен Марқа елінің ауылында да аталған мәселе бар. Кейбір елдімекенде 3-4 үй ғана қалған. Сарапшылардың айтуынша, ауылды дамыту үшін инфрақұрылымды басты назарға алу керек. Саптыаяққа ас, сабына қарауыл қойып қарасақ, шешілмей жатқан мәселе көп. Бірақ жұрты азайып, жүдеу тарта бастаған ауылдардың жөні бөлек.

 

Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив