С.Аманжолов атындағы ШҚУ ғалымдары жан-жақты деректерге толы зерттеулер еңбек ресурстарының сапасын арттыру мәселелерін шешетіндігіне сенімді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы уақытта Қазақстанда адами капиталды тиімсіз пайдалану, цифрлық дағдылары дамыған кадрлар тапшылығы, жұмыс орындары бойынша төмен көрсеткіштер байқалып жатыр. Цифрлық экономика да заманауи құзыреттілікке ие кадрларды дамыту қажеттілігі артып келетінін еске салып тұрады.
– Жұмыс барысын автоматтандыру 2040 жылға дейін кәсіптердің 9-дан 95%-ға дейін ығыстырып, мүлде жоқ етуі мүмкін. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының деректеріне сәйкес Қазақстанда жұмыс орындарының 52%-ы автоматтандыру қаупіне ұшырайды. Бағалаудағы мұндай шашыраңқылық зерттеу базасының жеткіліксіздігін көрсетеді, – дейді өңір ғалымдары.
Осылайша, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ғалымдары «Адами капиталды басқару, цифрлық экономиканы дамыту жағдайында еңбек ресурстарының сапасын арттыру» ғылыми жобасын іске асыруда. Жұмыс тобының құрамында PhD доктор, қауымдастырылған профессор Майнұр Ордабаева, экономика ғылымдарының кандидаты Тана Абылайханова, экономика магистрі Ержан Домалатов, докторанттар Әйгерім Рахметулина мен Әсем Бухатова, экономика ғылымдарының докторы, Алтай мемлекеттік университетінің профессоры Игорь Дубина бар.
Ғалымдардың ауқымды жұмысы білім беру экожүйелерінің цифрлық кеңістікпен өзара іс-қимылының тұжырымдамасы мен тетіктерін әзірлеу және еңбек ресурстарының сапасын арттыру мәселелерін қамтиды.
– Біздің жан-жақты деректерге толы зерттеулеріміз еңбек ресурстарының сапасын арттыру мәселелерін шешеді. Жаңа цифрлық технологияларға көшу кезінде кәсіби құзыреттерді қалыптастырып, қажетті стратегиялық модельдер жасайды. Бұдан бөлек, еңбек нарығының инклюзивтілігін арттырады, – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Тана Абылайханова.
Сонымен қатар, жобаны іске асыру Балтық Халықаралық академиясымен (Латвия), М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен, Новосібір мемлекеттік университетімен, Алтай мемлекеттік университетімен және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
– Бұл ғылыми жобамыздың басты артықшылықтардың бірі. Өйткені шетелдік сарапшыларды тарту көлемді талдауға және халықаралық ғылыми байланыстардың дамуына әкеледі, – деп қорытындылады жоба жетекшісі, ЕҰУ профессоры Жібек Рахметулина.
Пікірлер