Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мұнай өнімдерін мемлекеттік шекара арқылы заңсыз әкету әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өткізу бекеттерінде жанар-жағармай материалдарын заңсыз алып өтудің 2400-ден астам фактісі анықталған.
– Заңсыз айналымнан алынған бензин, дизель отыны, керосин және өзге де мұнай өнімдерінің жалпы көлемі 300 тоннадан асты, – делінген хабарламада.
Алып қойылған жанар-жағармайдың алдын ала құны шамамен 60 млн теңгені құрайды.
ҰҚК Шекара қызметі анықталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғалардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.
– Бұл шаралар елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жанар-жағармай материалдарының көлеңкелі айналымына жол бермеуге бағытталған, – деп атап өтті ведомство.
Шекара қызметінің мәліметінше, мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдау арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Пікірлер