A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 16:00 0

Биыл 96 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр

Бүгін / Республика

Білім беру саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардың басты мақсаты – қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2020 жылдан бері елімізде 1,2 мыңнан астам мектеп салынды. Нәтижесінде 1 млн-нан астам жаңа оқушы орны ашылды, бұл үш ауысымды мектептер санын төрт есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл тағы 53 мың орынға арналған 96 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметімәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Сонымен қатар қолданыстағы мектеп инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр: алдағы үш жыл ішінде 1,3 мың мектепті жаңарту көзделген, оның 820-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. 2025 жылдан бері 215 мектеп жаңартылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында пәндік кабинеттер, асханалар, спорт залдары және қауіпсіздік жүйелері толық ауыстырылып жатыр.

Білім беру мазмұны да заман талабына сай жетілдіріліп жатыр. Оқу үдерісіне цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, пәндік дайындық күшейтілді, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған бейімделген бағдарламалар дамыды. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл оқу орындарында әрбір оқушының қабілетін ашуға мүмкіндік беретін қолайлы әрі қолдаушы орта қалыптастыруға жол ашады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту білім беру жүйесіндегі маңызды кезең болып қала береді. Дәл осы кезеңде баланың тұлғалық дамуының негізі қаланып, қарым-қатынас дағыдылары қалыптасады және мектепке дайындық жүргізіледі. Осыған байланысты мемлекет балабақшалар мен мектепалды даярлыққа қолжетімділікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Бүгінгі таңда республика бойынша 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы – мемлекеттік, ал 6,6 мыңы – жекеменшік ұйымдар. Мұнда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленуде, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70,9%-ға жетсе, кезекте тұрған балалар арасында бұл көрсеткіш 96%.

Мектепке дейінгі білім берудің қолжетімділігін арттыру үшін қаржыландырудың жаңа тәсілдері енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданында ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылды. Жобаға 6 мыңға жуық ұйым қатысып, 936 мыңнан астам ваучер берілді. Бұл қадам бюджет шығыстарының ашықтығы мен тиімділігін арттырып қана қоймай, балабақшалардағы республикалық кезекті 2025 жылдан бері 9 есеге дерлік қысқартты. Нәтижесінде кезекте тұрған балалар саны 160 мыңнан 18 мыңға дейін азайды.

Соңғы үш жылда елімізде мектепке дейінгі ұйымдарда 223 мың жаңа орын ашылды, ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 76,5 мың орын ашу жоспарланып отыр. Мектепке дейінгі білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз ету ісіне 104 мыңнан астам маман тартылған. Олар үшін ерте жастағы балаларды дамыту саласындағы қаманауи стандарттарға сәйкес тұрақты түрде біліктілікті арттыру жүйесі қалыптастырылған. 

Балабақшалар желісін кеңейту, қаржыландырудың жаңа тәсілдерін енгізу және мұғалімдерге қолдау көрсету мектепке дейінгі білім беруді қолжетімді әрі сапалы етуге септігін тигізіп отыр. Бұл балаларды мектепке дайындаумен қатар олардың ерте жастан қауіпсіз, жан-жақты дамытушы және қамқор ортада тәрбиеленуіне мүмкіндік береді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив