Өңірде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттардың алдын алу және өнеркәсіптегі қауіпсіздік деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara сайтының тілшісі.
Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалығымен өткен Үкімет отырысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді.
– Жыл басталғалы бес ай ішінде өңірде 30-ға жуық жоспарлы тексеру жүргізіліп, 256 қауіпті өндірістік нысан тексерілді. Соның қорытындысында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 842 бұзушылығы анықталды. “Азаматтық қорғау” туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, облыстағы қауіпті өндірістік нысандарда арнайы бақылау қызметтері құрылып жатыр, – деді Нұрымбет Аманұлы.
Өндірістік нысандарды жаңа техникамен жабдықтауға ерекше назар аударылуда. Биыл пайдалану мерзімі аяқталған 600-ден астам техникалық құрылғы мен технологиялық желіні ауыстыру жоспарланып отыр.
– Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіру мақсатында өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті жанынан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ғылыми-техникалық кеңес құрылды. “Казцинк” ЖШС мен “Востокцветмет” ЖШС тау-кен өндіру кәсіпорындарында қауіпсіздік жағын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар, өңір басшысы 5 мамыр күні «Казцинк» ЖШС-нің мырыш зауыты электролиз цехында болған апат пен 30 мамыр күні «Востокцветмет» ЖШС-ға қарасты Артемьев кенішінде маман өліміне әкеп соққан жазатайым оқиғаны тергеу үшін арнайы комиссиялар құрылғанын атап өтті.
– Бірде-бір маңызды факті назардан тыс қалмайды. Жауапты тұлғалардың әрекеттеріне принциптік баға беріледі. Бұл жұмыс тұрақты бақылауда, – деп облыс әкімі.
Сәния Қымбатова
Фото: ЖИ
Пікірлер