
Спортсүйер қауым сұраған еді: Риддердегі «Сокол» стадионы жөнделетін болды
Қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын «Фирма Эталон» ЖШС жүзеге асырады. Бірақ бір кездері тұрғындар осы мекеме жұмысын сын садағына алып, «Үнді залында» наразылықтарын қарша боратқан болатын. Дегенмен қала әкімі қазір бұл мәселе әжептәуір шешімін тауып үлгергенін алға тартты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қоқыс төгудің де тәртібі бар
Аталған кәсіпорын күн сайын үш қоқыс тасымалдаушы көлікпен қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек, арнайы техникамен жабдықталған үш өндірістік бригада жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда қосымша екі бригада жұмылдырылады. Жыл басынан бері қаладан едәуір көлемде қалдық шығарылған. Мәселен, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 5 мамыр аралығында полигонға 15 700 текше метр қатты тұрмыстық қалдық жеткізілді. Қалдықтарды жинау және шығару жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес күн сайын жүргізілуде. Дегенмен контейнерлік алаңдардың шамадан тыс толуы әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Мамандардың айтуынша, бұған тұрғындар мен кәсіпкерлік субъектілері тарапынан тіркелген бірқатар келеңсіз жағдай әсер етуде.
– Контейнерлерге тұрмыстық қалдықтардан бөлек, картон қораптар, ағаш және пластик жәшіктер секілді ірі көлемді қалдықтар, құрылыс қоқыстары, сондай-ақ арнайы келісімшарт жасамаған кәсіпкерлердің қалдықтары тасталады. Салдарынан контейнерлік алаңдардың жүктемесі артып отыр, – деді Думан Рахметқалиев.
Қала әкімдігі тұрғындарды тұрмыстық қалдықтарды белгіленген талаптарға сай шығаруға және санитарлық тазалықты сақтауға шақырады.
Риддердегі теміржол вокзалы толығымен жаңартылып жатыр. Жөндеу жұмыстары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қаражаты есебінен жүргізілуде. Былтыр басталған жұмыс осы жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жаңарту барысында вокзал ғимараты қайта салынып жатыр. Нысанда іргетас күшейтіліп, қабырғалар мен жабын конструкциялары толық жаңартылған. Сонымен қатар заманауи техникалық талаптарға сәйкес жылыту және желдету жүйелері қайта орнатылды. Күту залының аумағы да кеңейтілді.
– Жоба жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған. Осыған байланысты күту залы кеңейтіліп, вокзал маңындағы аумақты кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазір құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталуға жақын, – деді Риддер қалалық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Рауан Тұрсынбеков.
Бөлім басшысы не дейді?
Одан бөлек, кәріз жүйесі де жаңартылды. Жобаның жалпы сметалық құны 2 миллион теңгеден асады. Тағы бір айта кетерлігі, жылдар бойы жөндеу көрмеген, көптің талқысына түсіп, сынға ұшыраған «Сокол» стадионы жөнделетін болды. Расымен, стадионның қазіргі жағдайы мәз емес. Кезінде спорт түрлерінен жарыстың бәрі осы жерде өтсе, қазір қаңыраған бос ғимаратқа айналған. Стадион 1967 жылы қолданысқа берілген.
– 2018 жылы 27 ақпанда Риддер қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөліміне қарасты Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансына берілді. Облыс әкімінің 2020 жылғы қаулысына сәйкес, Риддер қалалық Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, спорт модулі, «Сокол» стадионы облыстық дене шынықтыру басқармасының теңгеріміне берілді. Арада 1 жыл өткен соң, аталған стадионды қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленді. 2022 жылы қалалық әкімдік қаулысымен құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесі алынды. ШҚО Сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасының теңгеріміне өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Қазір құжаттар рәсімделіп, екі жақты келісімге келу жағы реттелуде, – деді қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Маржан Тайбекққызы.
Сөзінше, осы уақытқа дейін қаржы сұрап, республикалық бюджетке, туризм және спорт министрлігіне хат жолданған. ЖСҚ-ға сәйкес, қайта жаңғыртуға 1 млрд теңгеден астам қаржы қажет болды.
Айсана МЕДЕУБЕК
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер