A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 09:05 0

Күршім ауданында көкөніс өсіретін жылыжай жұмыс істейді

Бүгін / Күршім

Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру қарқыны артып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Абай ауылдық округіндегі “Тоқбура” учаскесінде наурыз айында ашылған жылыжай кешенінің басқарушысы Айгүл Мұстафинаның сөзінше, мұнда аскөктен бастап қиярға дейін көкөністің түр-түрі өсіріледі.

- “ДЕЕН” ЖШС салған жылыжайдың жобалық қуаты 15 мың шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда 7 мың шаршы метрі пайдаланылуда. Барлығы 15 жылыжай бар. Оның 12-сінде қияр өсірілсе, қалғанында қызанақ, баялды, бұрыш, аскөк егіледі. Көшет пен тұқым аязға төзімді. Жалпы жұмыс жыл бойы жалғасады. Бұл үшін қажетті жылу мен су бар, барлық жағдай қарастырылған. Жылыжайда тамшылатып суару әдісі қолданылады. Барлығы 15 адам еңбек етеді. Сондай-ақ тағы 20 жылыжай ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, сұранысқа ие өнімдерді, соның ішінде құлпынай өсіруді қолға алудамыз, - деді Айгүл Мұстафина.

Бір күнде бір жылыжайдан 25–30 келі өнім жиналады. Күні кеше көрші Самар ауданына 720 келі қияр жөнелтілді.

Бір айта кетерлігі, жылыжайда өсірілетін өнімдер аудан бойынша тиімді бағамен сатылады. Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбековтің сөзінше, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге басымдық беріліп отыр.

- Аталған жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Былтыр қолға алынған бастама бүгінде өз нәтижесін беруде. Мәселен, облыста қиярдың келісі 650–750 теңгеден сатылуда. Ал біз өткен сенбіден бері жергілікті жәрмеңкеде оны 400 теңгеден ұсынып отырмыз. Қазір аудандағы барлық дүкендер мен сауда орындарымен меморандум жасалуда. Одан кейін өнім басқа аудандар мен облыс орталығына тасымалданатын болады. Бұл жоба осы уақытқа дейін ешқандай мемлекеттік қолдаусыз іске асырылып келеді. Алдағы уақытта жылыжай санын көбейту үшін қолдау көрсетілмек, - деді аудан басшысы Мейіржан Әлбеков.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” акциясы аясында жылыжай аумағында 1000-ға жуық ағаш отырғызылды.

 

Қымбат МУХАМАДИЕВА 

Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив