A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 11:45 0

ШҚО әкімі Риддердегі бірқатар нысанды аралады

Бүгін / ШҚО

6 маусымда облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өңір басшысы алдымен Риддер жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Соңғы үш жылда ЖЭО-да ауқымды жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, негізгі жабдықтардың тозу деңгейі 75,4 пайыздан 45,7 пайызға дейін төмендеген. Қазір 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен №5 және №6 жоғары қысымды қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бекітілген кестеге сәйкес, №5 қазандық 31 тамызға дейін, ал №6 қазандық 30 қыркүйекке дейін жөнделеді. Сонымен қатар қаладағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да қолға алынған.
Сапар барысында облыс әкімі қайта жаңғыртылып жатқан Тәуелсіздік даңғылына барды. Мұнда Тайшыбаев атындағы сквер салынып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының 75 пайызы аяқталған. Жоба аясында жаңа жаяу жүргіншілер жолдары мен алаңдар төселіп, жарықтандыру жүйесі жаңартылуда. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында электр кабельдері тартылып, демалыс орындарына орындықтар орнатылуда. Нұрымбет Сақтағанов барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін атап өтіп, даңғыл бойындағы ғимараттардың қасбеттерін ретке келтіруді тапсырды.
Қаладағы 5-шағын ауданда 600 оқушыға арналған, мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектептің құрылысы жалғасуда. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метрден асатын білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталады. Үш блоктан тұратын ғимаратта 5–11 сынып оқушыларына арналған оқу кабинеттері, шеберханалар, кітапхана, ресурстық орталық, әкімшілік бөлмелер және бастауыш сыныптарға арналған жеке оқу аймағы қарастырылған. Сонымен қатар мектепте үлкен және шағын спорт залдары, 135 орындық акт залы, асхана, медициналық блок, психолог пен логопед кабинеттері болады. Мектеп аумағында футбол, волейбол және баскетбол алаңдары, 250 метрлік жүгіру жолы, сондай-ақ түрлі жас санаттарына арналған ойын және демалыс аймақтары салынады.
Нысанды аралау барысында облыс әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударды.
– Мектеп 10 тамызға дейін дайын болуы тиіс. Алайда асығыстыққа жол беріп, сапаны екінші орынға ысыруға болмайды. Мектеп маңындағы аяқталмаған құрылыс алаңдарын балалардан оқшаулау қажет. Жаз мезгілінде балалардың ол жерлерге кіріп кету қаупі бар. Сондықтан қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілуі тиіс. Сондай-ақ нысан айналасындағы құрылыс қалдықтарын толық тазалаңыздар, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Фото: ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив