Шаһардың 240 жылдығы аясында екі күн бойы мәдени, ғылыми және спорттық шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі., деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған шараға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов барды. Мерейтой тиегі 5 маусымда Мәдениет сарайындағы «Риддер тарихи аспектілер тұрғысынан» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен ағытылды. Соның барысында қатысушылар қаланың қалыптасу тарихын, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін және тарихи мұрасын талқылады.
Сонымен қатар, «Риддер – кенді Алтайдың кереметі» атты облыстық ақындар айтысы өтіп, аймақтың танымал айтыскерлері сөз сайысына түсті. Мерейтойдың негізгі шаралары екінші күні өтті. 94-квартал ауданындағы ипподромда Риддер қаласының ІІ Ұлттық «Ата-Мұра» ойындары ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында көкпар, топ бәйге, аударыспақ, қазақ күресі, арқан тарту, садақ ату және «Толағай» сайыстары өткізілді. Сонымен қатар жүйрік тазы анықталған «Шырға тарту ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Кешке қарай Республика алаңында ауқымды мерекелік концерт басталды. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов риддерліктерді мерейтойларымен құттықтады.
– Тарихы терең Риддер – еліміздің индустриялық дамуына зор үлес қосып, еңбек пен ерліктің, бірлік пен жасампаздықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қала жыл өткен сайын жаңарып, әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылымы дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсаруда. Білім саласында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, қазақ тілінде оқытатын «Шаңырақ» мектебінің құрылысы аяқталуға жақын, №11 және №12 мектептердің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Елеулі оқиғалардың бірі – 200 төсек-орындық заманауи көпсалалы аурухана кешені мен бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхананың құрылысы болды. Қаламыздың абыройы артып, мәртебесі биіктеп, өңіріміз қарқынды дами берсін! – деді облыс әкімі.
Сосын сахнада BAYANSULU, Анар Батырхан, KILIMANJARO SHOW тобы және басқа да шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерейтой отшашумен қорытындыланды.
Пікірлер