Тәртіп сақшылары жұмыс істеуге рұқсаты жоқ адамдарды «Нелегал» республикалық жедел алдын алу шарасы аясында анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жедел алдын алу шарасының мақсаты – шетелдік азаматтардың ережелерді бұзуын анықтап, заңсыз еңбек қызметіне жол бермеу.
ШҚО Көші-қон қызметі өкілдері бір күн ішінде 50-ден астам шетелдікті жауапкершілікке тартты. Үлкен Нарын ауданында жүргізілген рейд кезінде сегіз шетелдік азамат уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеп жүргені анықталды. Дерекқорды тексеру барысында ұсталғандардың екеуі бұрын полиция назарына ілінгені белгілі болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға бес жылға елге кіруге тыйым салынған. Шетелдіктерді заңсыз жұмысқа алған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекетке айыппұл төлеуі тиіс.
– Уақытша тұратын шетелдік азаматтарды тиісті рұқсатсыз жұмысқа алуға қатаң тыйым салынады. Біз жұмыс берушілерді жұмысқа қабылдауға жауапкершілікпен қарап, көші-қон ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, – деді ШҚО Көші-қон қызметінің бастығы Ринат Шкибаев.
Заң бұзушыларды анықтау бойынша рейдтер жалғасуда.
Пікірлер