Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мәліметінше, күшейтілген бақылауға қарамастан, өңірде сотталғандарға тыйым салынған заттарды жеткізу фактілері жиі тіркелуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Кезекті дерек пошта арқылы келген «сәлемдемені» тексеру кезінде анықталған. Азық-түлік өнімдері арасынан ұялы телефондар, 5G желісін қолдайтын Wi-Fi роутер, SIM-карталар, қуаттағыш құрылғы, сымды және сымсыз құлаққаптар табылған. Кейбір техникалық құрылғы шай қораптарының ішіне жасырылған.
Бұған дейін қызметкерлер нанның ішіне жасырылған ұялы телефондарды анықтаған болатын. Сондай-ақ сотталғанға 15 смартфон жеткізу әрекетінің де жолы кесілді.
Одан бөлек, түзеу мекемелері маңында жүргізілген тексерулер барысында екі келіге жуық есірткі заты тәркіленген.
Департамент мәліметінше, мұндай заңсыз әрекеттер тұрақты бақылаудың арқасында дер кезінде анықталып отыр.
Мекеме өкілдері түзеу мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет жасағандар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Пікірлер