A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 17:00 0

ТЖМ: Шомылу маусымы басталғалы бері 10 адам суға кетті

Бүгін / Республика

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров айтты , деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

– Биылғы шомылу маусымы басталғалы бері еліміздің су айдындарында 10 адам, оның ішінде 7 бала суға батып көз жұмды. Адамдардың қаза болуына негізінен жүзе алмауы, өз мүмкіндігін дұрыс бағаламауы, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруы және демалыс кезінде алкогольдік ішімдік ішіп, мас күйде суға түсуі себеп болып отыр, - деді спикер.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жазатайым оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда тіркелген. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, рұқсат етілген жағажайлар санын арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

– Қазіргі уақытта су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Жылжымалы бекеттер қойылып, жаппай демалыс орындарында патрульдеу ұйымдастырылды. Сондай-ақ ақпараттық стендтер мен ескерту белгілері орнатылып, рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр, - деді төраға орынбасары.

Министрлік мәліметінше, су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 23 мыңнан астам рейд пен патрульдеу ұйымдастырылған.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға балаларды қараусыз қалдырмауды, тыйым салынған жерлерде суға түспеуді, алкогольдік ішімдік ішкен күйде шомылмауды және белгіленген шомылу аймағынан шықпауды ескертті.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив