A+ A A-

talgatzhan 33 Бүгін, 17:05 0

ШҚТУ-да Қазақстандағы инженерлік білімнің болашағы халықаралық деңгейде талқыланды

Бүгін / Өскемен

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті екі күн бойы инженерлік білім берудің келешегіне арналған халықаралық пікірталас алаңына айналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Университет базасында «Болашақ инженерлік білім: ұлттық модельді дамыту және енгізу» атты республикалық стратегиялық сессия және «Инженерлер даярлаудағы дуальды білім беру: құзыреттерден өндірістік шешімдерге дейін» тақырыбындағы халықаралық DualEdu Forum сараптамалық платформасы өтті.
Ауқымды іс-шаралар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдерін, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының басшылары мен сарапшыларын, өндіріс пен бизнес қауымдастығының өкілдерін, сондай-ақ Германия, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген халықаралық серіктестерді бір алаңға жинады.
Стратегиялық сессия жұмысына Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін қоса алғанда, еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Олар инженерлік білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру, заманауи білім беру бағдарламаларын жетілдіру және халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелерін талқылады.
Іс-шараның халықаралық маңызын шетелдік сарапшылардың қатысуы одан әрі арттыра түсті. Олар инженер кадрларын даярлаудың үздік тәжірибелерімен, дуальды білім беру жүйесін дамыту жолдарымен және университеттер мен өнеркәсіп арасындағы тиімді серіктестік модельдерімен бөлісті. Сонымен қатар білім, ғылым және өндірісті біріктіретін инновациялық экожүйелер құру тәжірибелері мен инженерлік білімді мемлекеттік қолдау тетіктері ұсынылды.
Алайда форумның басты ерекшелігі дәстүрлі баяндамалармен шектелмеуінде болды. Қатысушылар нақты шешімдер әзірлеуге бағытталған интерактивті жұмыс форматына тартылды.
Бірінші күні сарапшылар екі стратегиялық бағыт бойынша топтық жұмыс жүргізді. Оның бірі - халықаралық CDIO тұжырымдамасын Қазақстан университеттерінде кеңінен енгізу мәселесі болса, екіншісі - отандық инженерлік білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейге шығару жолдарын қарастыру болды. Университет өкілдері, жұмыс берушілер мен салалық сарапшылар бірлесіп болашақ инженердің бейнесін және әлемдік талаптарға сай маман даярлаудың тиімді құралдарын талқылады.
Форумның жалғасы болған халықаралық DualEdu Forum аясында екінші күні «Ынтымақтастық конструкторы» атты интерактивті маркетплейс ұйымдастырылды. Бұл алаңда қатысушылар дуальды білім беруді дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеп, жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар арасындағы серіктестіктің жаңа үлгілерін қарастырды. Сондай-ақ өндірістік тәжірибені ұйымдастыру, корпоративтік оқытуды дамыту және еңбек нарығының нақты сұраныстарына сай инженер кадрларын даярлау мәселелері талқыланды.
Форум жұмысына өндірістік серіктестердің белсенді қатысуы ерекше назар аудартты. Олардың қатарында «Қазцинк» ЖШС, Allur автомобиль компаниясы, Шығыс Қазақстанның энергетикалық кешені кәсіпорындары, Өскемен су электр станциясы, Өскемен жылу электр орталығы және инженерлік кадрлар даярлауға мүдделі басқа да ірі жұмыс берушілер болды.
Бағдарламаның тәжірибелік бөлімі қатысушыларға білім мен өндіріс интеграциясының нақты нәтижелерін көруге мүмкіндік берді. Қонақтар ШҚТУ-дың заманауи ғылыми-білім беру орталықтарын, инженерлік зертханаларын, құзыреттер орталықтарын аралап, халықаралық деңгейдегі инженер мамандарды даярлау және сертификаттау алаңы ретінде танылған Лу Бань шеберханасының жұмысымен танысты.
Іс-шаралар Шығыс Қазақстандағы жетекші өнеркәсіптік кәсіпорындарға ұйымдастырылған техникалық экскурсиялармен қорытындыланды. Қатысушылар өндіріс пен университет арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді үлгілерін көріп, дуальды білім беру жүйесін одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Екі күндік жұмыстың нәтижесінде инженерлік білім берудің ұлттық моделін жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар қалыптастырылды. Ең бастысы, мемлекет, жоғары оқу орындары, бизнес қауымдастығы және халықаралық серіктестердің басын қосқан ашық диалог алаңы құрылып, Қазақстанның технологиялық дамуы мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін жаңа буын инженерлерін даярлауға қатысты ортақ көзқарас қалыптасты.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив