Облыстық Білім басқармасы мәліметінше, өңірде қазір 347 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 23 бастауыш, 74 негізгі және 250 орта мектеп жұмыс істейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Соңғы үш жылда облыста 19 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Оның жетеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Сонымен қатар 550 орындық алты мектеп пен Риддердегі тағы бір білім ордасының құрылысы жалғасуда.
Соған қарамастан, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі толық шешілген жоқ. Өңірдегі 18 мектеп немесе жалпы мектептердің 5,2 пайызы саманнан, ағаштан, қамыстан салынған немесе бейімделген ғимараттарда орналасқан.
Білім басқармасы мәліметіне сәйкес, 11 мектептің пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан. Алты мектеп 60 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бір мектептің ғимаратына 86 жылдан астам уақыт болған.
Мәселені шешу үшін алдағы жылдары жаңа білім беру нысандарын салу және сатып алу бойынша 10 жоба жүзеге асырылады.
Пікірлер