A+ A A-

talgatzhan 36 Бүгін, 14:00 0

Қазақстандықтардың жартысына жуығы АҚШ визасын ала алмайды — ҚР СІМ

Бүгін / Республика

АҚШ визасына өтініш берген қазақстандықтардың шамамен 45-46% теріс жауап алады. Бұл туралы Сенаттағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап. 

Тілшілердің шетел визасын алуда қиындықтарға тап болатын қазақстандықтар туралы сұрағына жауап берген Ержан Ашықбаев әлем бойынша нақты статистиканы келтіру қиын екенін айтты.

— Виза беруден бас тарту — біздің серіктес елдердің егемен құқығы. Көп жағдайда мұндай ақпарат жеке деректерге қатысты болғандықтан жария етілмейді, соның ішінде бізге де берілмейді. Сондықтан нақты санын айту қиын. Кейбір елдер ғана бас тарту көрсеткіштерін жариялайды. Мәселен, АҚШ-та визаға өтініш берушілердің шамамен 45-46 пайызына теріс жауап берілген, — деді министрдің бірінші орынбасары.

Е. Ашықбаев қазіргі халықаралық жағдайдың құбылмалы екенін және көптеген мемлекеттердің шетел азаматтарына қатысты қосымша талаптарды кезең-кезеңімен енгізіп жатқанын атап өтті.

— Сондықтан виза алуда қиындыққа тап болған азаматтардың нақты саны туралы толық мәлімет беру қиын, — деді Ержан Ашықбаев.

Ол сондай-ақ қазақстандықтардың шетелге шыққанда қабылдаушы елдің заңдарын сақтауға міндетті екенін еске салды.

— Біздің азаматтар шетелге барғанда да сол елінің заңнамасын орындауға міндетті, — деді спикер.

Брифинг барысында тілшілер Жапониямен визалық режимді жеңілдету мүмкіндігі туралы да сұрады. Ержан Ашықбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, алайда нақты келісімдерге қашан қол жеткізілетіні белгісіз.

— Бұл — қыр-сыры көп әрі ұзақ уақытты қажет ететін процесс. Жапониядағы серіктестерімізбен және басқа да елдермен бұл жұмысты жалғастырамыз. Нақты нәтижелер болғанда міндетті түрде хабарлаймыз, — деді ол.

ҚР СІМ өкілі визалық режим мәселелері Қазақстанның ғана емес, серіктес мемлекеттердің де шешімдеріне байланысты екенін атап өтті.

Айта кетейік, отандық авиация мамандары Нью-Йорктің ең ірі әуежайында халықаралық жүк тасымалының қауіпсіздік ережелерін меңгеріп қайтты.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив