Ауданда туризм мен өнеркәсіп салаларын дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
2025-2026 жылдары өңірде ішкі туризмді дамытып, экономиканы әртараптандыруға ықпал ететін бірқатар маңызды бастам жүзеге асуда. Бұл туралы аудан әкімі Эльдар Тумашинов айтты.
– Туристік салада былтыр инвестиция көлемі 1 миллиард теңгеден асатын Быструха ауылында «Заречье Эко Лэнд» ЖШС экобазасын кеңейту жобасы іске асырылуда. Жоба аясында мейрамхана кешені салынып, аумақты абаттандыру және инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ішкі туризмді дамытуға айтарлықтай үлес қосады, – деді ол.
Сонымен қатар 2026 жылы Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулы аясында іске асырылатын негізгі бастамалардың бірі – Горная Ульбинка ауылы маңында тау шаңғысы курортының құрылысы.
Аталған жобаны «The Forest» ЖШС жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайды.
– Жоба аясында заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру көзделген. Тау шаңғысы трассалары, қонақүй кешендері, қызмет көрсету және демалыс нысандары салынып, 20-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл жоба аудан экономикасына мультипликативтік әсер беріп, қызмет көрсету саласының, шағын және орта бизнесті дамуына оң ықпал етеді, – деді аудан әкімі.
Сонымен бірге инвестициялық жобалардың республикалық пулы аясында өңірде бірқатар өндірістік бастама да жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, «Altyn Shyghys» ЖШС Предгорное ауылындағы қолданыстағы май өңдеу зауыты базасында рафинациялау және дезодорациялау цехын салу жобасын қолға алған. Жобаның 2025 жылғы инвестиция көлемі 5,5 миллиард теңгені құрайды.
Аудан әкімдігі мәліметінше, мұндай ірі инвестициялық жобалар өңір экономикасының дамуына серпін сыйлап, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Пікірлер