Жаңа циклотрон онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметімәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Радиофармацевтикалық препараттар өндірісін дамыту және ядролық медицина инфрақұрылымын нығайту жөніндегі бұрын қол жеткізілген келісімдер аясында «Cyclone-18/9» циклотрондық қондырғысы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің қолдауымен Курчатов қаласындағы Ядролық технологиялар паркінде сақтауда тұрған жерінен Ядролық физика институтының теңгеріміне берілді. Аталмыш қондырғы Ядролық физика институтының он екінші базалық қондырғысы саналады және ғылыми-технологиялық әрі өндірістік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
— «Cyclone-18/9» қондырғысын пайдалануға енгізу онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған радиофармацевтикалық препараттарды өндіру көлемін арттыруға және оларды үздіксіз шығаруды қамтамасыз етуге жол ашады, яғни қосымша түрде тәулігіне 150-ге дейін пациент ПЭТ-диагностикадан өте алады. Бұл Қазақстан халқы үшін жоғары дәлдікті диагностиканың қолжетімділігін айтарлықтай арттырады, — делінген хабарламада.
Бүгінде Ядролық физика институты диагностикалық радиофармацевтикалық препараттарды өндіретін еліміздегі жетекші ұйымдардың бірі және терапияға арналған радиофармацевтикалық препараттарды өндіретін Қазақстандағы жалғыз мекеме болып есептеледі.
Өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен арттырып, өнім түрлерін кеңейте отырып, институт елдегі ядролық медицинаның дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Сондай-ақ Институтта өндірілетін радиофармацевтикалық препараттарды ТМД елдері мен Азия мемлекеттеріне экспорттау әлеуеті бар.
Пікірлер