
Күршімдіктер Өскеменге етті молынан әкеліп, қызанақты ең төмен бағамен сатты
Соңғы бірнеше күнде аймақтағы аптап аңқаны кептіріп, тұрғындар тірлігін таңсәріден бітіруге кіріскен. Өскемендегі «Алтай» бөлшек-сауда орталығы маңында Күршім ауданының жәрмеңкесіне де жұрт 07:30 шамасында келе бастаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудандағы жағымды жаңалық
Әуелде сөредегі ірі қара етіне қол созғандар көзге көп іліккендей еді, жәрмеңке басталғалы бір жарым сағат өткенде көкөністерге сұраныс молайды. Осыған дейін Құйғаннан әкелінетін қақталған балықты суретке түсіріп, саудасын қыздыратын Фарида Серіковамен әңгімелесетін едік. Осы жолы ол кісі келмеді. Дегенмен балалары анасы дайындаған өнімді халыққа ұсынып, жұмысын жалғастырды. Есесіне жылыжайда өсірілген көкөніс түрлері әп-сәтте тұрғындарды төңірегіне топтастырды. Аудан әкімі Мейіржан Альбековтің сөзінше, Өскеменге сегіз түрлі өнім әкелді. Оның ішінде: ірі қара, жылқы және қой еті, балық өнімдері, бал, қолдың сары майы, ұлттық тағамдар және жылыжай өнімдері. Айта кетейік, осы жылыжай және балық өнімдерінің көлемі бірдей – 500 келі.
– Биыл Күршім ауданының мақтанарлық бір жаңалығы бар. Ол дегеніміз – «ДЕЕН» ЖШС 15 мың шаршы метр аумақты қамтитын жылыжай ашып, бүгінде қияр мен қызанақ бағасы облыс көлемінде ең төмен бағамен сатылып жатыр. Яғни, қиярдың бір келісі – 450 теңгеден, қызанақ – 700 теңге. Сондай-ақ ет пен сиыр еті – 3800 теңгеден, қой еті – 4300 теңгеден саудалануда. Сағат әлі 9:00 болмай тұрғанның өзінде қой еті мен жеміс-жидектің жартысы сатылып кетті, – деді Мейіржан Қанатбекұлы.
Жылыжай көкөністеріне жұрты сұранысы жоғары
Осы уақытта әкімдік тоқталып өткен «ДЕЕН» ЖШС көкөністерін сатып алуға ұзын-сонар кезек жиналып қалған едік. Тұрғындар қарасы сиреген сәтте біз де барып, бірнеше сұрағымызды қойды. Сауданы қыздырып тұрған жігіттің есімі – Арман. Қойтас ауылындағы «Тоқбура» жылыжай шаруашылығынан келді. Тарамыс, сөзінен ісі басым біртоға азамат екен. Айтуынша, қияр, қызанақ, салатқа қосатын шөптесін өсімдіктің түр-түрін әкелді.
– Жалпы, сауда жақсы. Көтерме саудамен өткізіп жатырмыз. Жылыжайдағы кез-келген өсімдік күтімі қиын. Күршімде де, Өскеменде де сатамыз. Қазір жұмыс істейтін адам саны жетпей жатыр. Төлемақысы жақсы, бірақ еңбектенуге дайын адамдар жоқ. Толықтай нарыққа шыққанымызға 2-3 ай ғана болса, оған дейін жылыжайды безендірудің өзі 3-4 айға созылды. Бәрі арзан. Қиярымыз – 450 теңгеден, көк пиязымыздың бір бумасы – 200 теңгеден, базилик деп аталатын өсімдіктік келісі 2000 теңге, – деді Арман Имаш.
Анығы сол, укроп, кинза секілді салатқа қосатын жапырақтардың бір бумасы 200 теңгеден сатылды. Ал жұмысшы іздеу бойынша әлеуметтік желілерде ақпараттар жарияланып, кадрлар бөлімі бәрін бақылауға алған көрінеді. Арман осыны айтып жатқанда базиликтің соңғы түйірі сатылып, ала дорбасын қолтығына қысқан әйел қиярды келісімен алуға оқталып тұрды.
«Ақшасы жетіңкіремесе, бағасын түсіріп береміз»
Неге екені белгісіз, Күршімнің жәрмеңкесіне келіп, Тарбағатайдың етін іздегендер де ұшырасты. Келесі аптада ас береміз деп, жылқы етін сұрастырып жүрді ерлі-зайыпты. 3800 теңге деген бағаны да қымбат санады. Аудан әкімінің сөзінше, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы облыстағы бағамен тұрақтандырып, жоспар ұсынады. Соған сәйкес бір теңге де асырмай сатады.
Ал Ақсуат ауылынан келген Самат Құнапиев бүгінгі жәрмеңкеге «Төре-Тоғам» ЖШС-дан әкелінген 500 келі балық әкеліп, сатып жатыр. Көксерке, сазан секілді сөреге тізді. Межелі уақыттан ерте келіп, біртіндеп саудасын қыздырды.
– Бәрі жақсы, ешқандай шағым жоқ. Бағасы қолжетімді. Күршім ауданында тұрақты клиенттеріміз бар. Өскемендегі жәрмеңкеге алғаш рет келдім. Бәрі сатылып кетеді деп отырмын. Шортанның келісі – 1500 теңге, көксерке – 2000 теңгеден. Сазанның «балалары» мен үлкен көксерке де осы бағамен сатылуда. Ал енді ақшасы жетіңкіремесе, бағасын түсіріп береміз. Ондай адамдар келді, бағаны төмендеттік. Халықты да түсіну керек, – деді Самат Құнапиев.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер