A+ A A-

talgatzhan 39 Бүгін, 11:35 0

Маралдының балы Еуропаға неге экспортталмай жатыр?

Бүгін / Күршім

Бұқтырма су қоймасы арқылы салынған көпір қолданысқа берілгелі ондағы кәсіпкерлер де сауда-саттықтың жаңа бір деңгейіне өткендей. Аудан әкімі Мейіржан Альбеков алдымен Маралды ауылының балы қай өңірлерге сатылып жатқанын, сосын аудандағы демографиялық өзгеріске тоқталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Айтуынша, Маралдының балы мен қарбызы Шығыс Қазақстан мен республика көлемінде тұрақты сатылып келеді. Кеңестік заманда Маралды ауылдық округі құрамындағы Үшбұлақ ауылы балы ТМД көлемінде ең үздік деп танылған. Бірақ дәл қазір шет елге шығудың реті болмай тұр.
– Экспорттаудың халықаралық талабы бар. Оған арнайы сертификаттар керек. Осы себепті, қазір ішкі өніммен шектеліп отырмыз. Әрине, өзге елдерден келетін туристерге сертификат арқылы сатылады. Бірақ көп көлемде экспортталып жатқан жоқ. Облыстан бөлек, республиканың барлық аймағына сатылады, – деді әкім.
Жалпы саудаға келсек, көпірдің ашылуы осы салаға әжептәуір серпіліс сыйлады. Мұны әкім растап отыр. Айтуынша, төрт сағаттап кезекте тұрып, уақыт жоғалтып, көлігі үшін қосымша ақша төлегеннен гөрі дайын көпірмен жылдам өту тиімді.
– Дегенмен мұны басқа жағынан да алып қарауға болады. Мәселен, көпір әлі ашылмаған кезде тұрғындар жиі көшетін. Қазір ондай жағдай әлдеқайда төмендеді. Аталған мәселені бір ғана жауаппен түйіндеу мүмкін емес. Бұл жерде логистика тақырып өзегі болған соң, сауда да, құрылыс та кәсіпкерлер үшін түбі табыс әкеледі, – деді Мейіржан Альбеков.
Аудан басшысының сөзінше, қазір экономика тұрғысынан алғанда бірқатар әлеуметтік тауар бар. Әкімдік өкілдері соны бақылауына алған. Сауда-саттық сөз болғанда, Мейіржан Қанатбекұлы урбанизацияға да тоқталды.
– 2021 жылдары бір жылда бас-аяғы 518-520 адам қоныс аударса, көпір салынғалы ол көрсеткіш 200-ден сәл асты. Бұл ресми ақпарат. Оңтүстік өңірлерден ерікті түрде көшіп келетіндерге қатысты бағдарламаны мысал етуге болады. Бір жылда 50 адам көшіп келеді десе, біз жоспарды асырып орындап отырмыз. Ресми квотаға кіргендерден бөлек, өз еркімен, ешбір мемлекеттік қолдаусыз көшіп келіп жатқан отбасылар бар, – деді әкім.
Яғни, аудан басшылығы басқа жаққа қоныс аударған 200-ден сәл асатын адамның жартысына жуығын көшіп келгендермен жауып отыр.

Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив