
Дәрілік заттарды ұтымды басқарудың есебінен 3,5 млрд теңге үнемделді - ДСМ
2024–2025 жылдардың қорытындысы бойынша стационарларда дәрілік заттарды басқарудың заманауи тәсілдерін енгізуден алынған экономикалық тиімділік шамамен 3,5 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде елдегі стационарларда клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу нәтижелері, сондай-ақ медициналық ұйымдарда осы қызметті одан әрі дамыту шараларына арналған жиыннан мәлім болды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бүгінде клиникалық фармакология және госпитальдық фармация қызметінің жұмысы дәрілік препараттарды тағайындауды, есепке алуды және қолдануды бақылауға, дәрілік қателіктердің алдын алуға, жағымсыз реакциялар қауіптерін төмендетуге және бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға бағытталған.
Бұл қызметтің жұмысы бір пациентке көптеген дәрілік заттарды негізсіз тағайындау тәжірибесі болып табылатын полипрагмазиямен күресуде ерекше маңызға ие. Мұндай жағдай асқынулар қаупін арттырып, емдеу нәтижелеріне кері әсер етеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда клиникалық фармакология және госпитальдық фармацияның 142 бөлімшесі жұмыс істейді. Оларды енгізу жұмыстары ең белсенді түрде Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау, Қызылорда және Алматы облыстарында жүргізіліп жатыр.
Қызметтің негізгі бағыттарының бірі – бактерияға қарсы препараттарды ұтымды қолдануды қамтамасыз ету. Мамандардың бағалауынша, антибиотиктермен емдеудің 30-50 пайызы дәрілік заттарды негізсіз тағайындаумен байланысты болуы мүмкін. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің шығыстарын арттырып қана қоймай, микроорганизмдердің антибиотиктерге төзімділігінің дамуына ықпал етеді. Бұл құбылыс қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жаһандық қатерлердің бірі ретінде танылған.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова клиникалық фармакология қызметін дамыту бюджет қаражатын тиімді жұмсау мәселесі ғана емес, ең алдымен пациенттердің қауіпсіздігі мәселесі екенін атап өтті.
-Әңгіме тек бюджет қаражатын үнемдеу туралы ғана емес, сонымен қатар дәрілік қателіктердің алдын алу, асқынулар санын азайту және емдеу сапасын арттыру туралы болып отыр. Тиімділігі дәлелденгеніне қарамастан, соңғы үш жылда стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың небәрі 34,1 пайызында ғана тиісті бөлімшелер құрылды, – деді министр.
Жаңа модельдің практикалық тиімділігі нақты медициналық ұйымдардың нәтижелерімен де дәлелденіп отыр.
Мәселен, Астана қаласының №1 көпбейінді қалалық ауруханасында госпитальдық фармация бөлімшесі құрылғаннан кейін дәрілік заттардың қозғалысын толық есепке алу жүйесі ұйымдастырылып, оларды пайдалануды бақылау автоматтандырылды және дәрілік тағайындауларға күнделікті фармацевтикалық аудит енгізілді.
Аурухананың директоры Ербол Сәрсенбаевтың айтуынша, бөлімшенің алғашқы жұмыс жылының өзінде экономикалық тиімділік 340 млн теңгені құрады. Сонымен қатар жағымсыз жанама реакциялар саны 60 пайызға, дәрілік қателіктер саны 45 пайызға азайып, пациенттердің шағымдары мен наразылықтары 30 пайызға төмендеген.
Госпитальдық дәріхананың рөлінің өзгеруі де маңызды нәтижелердің бірі болды. Бүгінде провизорлар медициналық көмектің барлық кезеңдерінде дәрілік терапияны бақылауды қамтамасыз ете отырып, емдеу процесінің толыққанды қатысушыларына айналды.
Препараттарды арнайы бокстарда орталықтандырылған түрде дайындау және дәрілік заттарды госпитальдық фармация қызметі арқылы тарату жүйесін ұйымдастыру мейіргерлерді күнделікті қайталанатын жұмыстардың бір бөлігінен босатып, пациенттерге тікелей күтім көрсетуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік берді.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен республикалық клиникалардың қатысуымен өткен аппараттық кеңестің қорытындысы бойынша министр клиникалық фармакология қызметін дамыту жөніндегі Жол картасының сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуді, елдің барлық стационарларында клиникалық фармакология және госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ қызметтің нормативтік-құқықтық базасын және кадрлық қамтамасыз етілуін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер