Тарбағатай ауданына қарасты шағын ауылда екі жыл бұрын мектеп ашылған еді. Енді асфальт-бетон зауытының құрылысы өз мәресіне жеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құрылысты «Ивега» ЖШС жүргізген. Аудан басшысы Дархан Жөргекбаевтың сөзінше, зауыттың өндірістік қуаты жылына 317 мың тонна.
– Жобаға тартылған инвестиция көлемі – 200 млн теңге. Сонымен қатар асфальт-бетон зауытын қажетті шикізатпен қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын салу мақсатында инертті материалдар өндіретін екі карьер бекітілді. Бұл кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру көлемін арттырып қана қоймай, жер қойнауын пайдалану саласындағы көрсеткіштердің жақсаруына да ықпал етеді. Бұдан бөлек, кәсіпорында 15 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі Дархан Жөргекбаев.
Сондай-ақ ауданда «East Smelting» ЖШС молибден-мыс кенін байыту комбинатын салмақ. Жобаның инвестициялық құны – 216 млрд теңге. Комбинатты іске қосу мерзімі 2030-2032 жылдарға жоспарланып отырған көрінеді.
Пікірлер