
Қазақстан әлемдік туристік рейтингте 28 сатыға көтерілді
Қазақстан туризм саласындағы көрсеткіштерін жақсартып, әлемдік рейтингтердегі позициясын нығайтып келеді. Соңғы бес жылда ел халықаралық туристік рейтингте 28 орынға жоғарылап, Орталық Азиядағы перспективалы бағыттардың бірі ретінде танылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Туристер саны артып келеді
Ranking.kz мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Қазақстандағы орналастыру орындары шамамен 2 миллион адамға қызмет көрсетті. Көрсетілген қызмет көлемі 69 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14%-ға өсті.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім тек бағаның қымбаттауымен емес, туристік белсенділіктің нақты артуымен байланысты. Қызметтердің физикалық көлем индексі 104,5% болған.
Ішкі туризмнің үлесі өскен
Биыл жылдың алғашқы тоқсанында ел ішінде саяхаттаған қазақстандықтардың саны 3,6%-ға артты. Бұл азаматтардың Қазақстан бойынша саяхаттауға қызығушылығы күшейіп келе жатқанын көрсетеді.
Ішкі туризмнің дамуы өңірлердегі экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және шағын әрі орта бизнестің дамуына ықпал етіп отыр.
Алматы көш бастап тұр
Өңірлер арасында туристер ең көп барған қала Алматы болып отыр. Қаңтар-наурыз айларында мұнда 472,9 мың адам орналастыру қызметін пайдаланған.
Екінші орында Астана қаласы тұр – 352,2 мың адам. Ал алғашқы үштікті 161,1 мың келушімен Ақмола облысы түйіндеді.
Демалыс аймақтарына сұраныс жоғары
2026 жылдың алғашқы тоқсанында қызмет көрсетілген барлық туристердің шамамен 40%-ы курорттық аймақтарға келген.
Абсолюттік көрсеткішпен есептегенде бұл 800 мыңнан астам адам. Бұл рекреациялық туризмнің маңызы артып келе жатқанын және қазақстандықтардың ел ішінде демалуға қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
Туризм экономикаға қандай үлес қосып жатыр?
Туризм Қазақстан экономикасының маңызды секторына айналып келеді. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша саланың экономикаға қосқан үлесі 5 трлн теңгеге жеткен. Туризмнің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3,1% болған.
Қазір туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл елдегі жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 7%-ына тең.
Сонымен қатар шетелдік туристердің Қазақстандағы шығыны 2,9 млрд доллар болған. Ал туристік қызметтен түскен салық түсімдері 18%-ға өсіп, 630 млрд теңгеге жеткен.
Инвестициялар көлемі артты
2025 жылы туризм саласына тартылған инвестиция көлемі бір жылда 33%-ға өсіп, 1,3 трлн теңге болды. Сол жылы Қазақстанда туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 96 жоба іске асырылды. Олардың жалпы құны 167,4 млрд теңгеге бағаланған.
Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау көлемі шамамен 7 млрд теңге болды.
Туристер үшін қандай жеңілдіктер енгізілді?
2026 жылдың наурызында туризм саласын дамытуға бағытталған заңнамалық түзетулер қабылданды.
Олардың қатарында туристік автобустар үшін «жасыл дәліз» тетігін енгізу бар. Бұл ұйымдастырылған туристік топтардың мемлекеттік шекарадан өту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ визит-орталықтардың мәртебесі заң жүзінде бекітілді. Бұдан бөлек, гидтер мен экскурсия жетекшілерінің қызметіне арналған бірыңғай талаптар енгізіледі.
Балалар туризмін дамыту мақсатында 18 жасқа дейінгі азаматтарға ұлттық парктерге кіру тегін болды.
Қазақстанға келетін туристер саны неге көбейіп жатыр?
Қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим қарастырылған мемлекеттердің саны 84-ке жетті. Ал электронды виза жүйесі әлемнің 102 елінің азаматтарына қолжетімді.
Сонымен қатар халықаралық әуе қатынасы да кеңейіп келеді. Бүгінде Қазақстан 30 мемлекетпен әуе байланысын орнатқан. Аптасына 626 халықаралық рейс 135 бағыт бойынша орындалады.
Әлемдік рейтингтегі көрсеткіш жақсарды
Қазақстанның туристік әлеуетінің артуы халықаралық рейтингтерден де байқалады.
Дүниежүзілік экономикалық форум жариялайтын Travel & Tourism Development Index рейтингінде Қазақстан 2019 жылы 80-орында болса, 2021 жылы 66-орынға көтерілген. Ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 52-орынға тұрақтады.
Осылайша ел бес жыл ішінде рейтингтегі орнын 28 сатыға жақсартқан.
Қазақстан Өзбекстанды басып озды
U.S. News & World Report жариялайтын «Туризм және мәдениет» рейтингінде Қазақстан 2025 жылы 73-орынға жайғасты.
Соңғы үш жылда ел бұл рейтингте 11 орынға жоғарылаған. Сонымен қатар Қазақстан Өзбекстанды жеті сатыға артқа қалдырып, Катар, Бахрейн, Тунис және Вьетнам сияқты бірқатар елдерді басып озды.
Сарапшылардың пікірінше, халықаралық рейтингтердегі өсім Қазақстанның туристік инфрақұрылымы, сервис сапасы және инвестициялық тартымдылығының жақсарып келе жатқанын көрсетеді.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер