A+ A A-

talgatzhan 32 Бүгін, 15:00 0

Еліміздің үздік стационарлары мен емханалары анықталды

Бүгін / Республика

Бейбітшілік және келісім сарайында Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара шеңберінде медициналық ұйымдардың арасындағы республикалық конкурстың жеңімпаздары жарияланды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Конкурс жыл сайын медициналық көмектің сапасы, басқару тиімділігі, заманауи технологияларды енгізу деңгейі және пациенттердің қажеттіліктеріне бағдарлануы бойынша жоғары нәтижелер көрсеткен медициналық ұйымдарды анықтайды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік емхана» номинациясының жеңімпазы Алматы қаласындағы №17 қалалық емхана болды.

Айгүл Есентаевнаның басшылығындағы медициналық ұйым медициналық-санитариялық алғашқы көмекті дамыту, профилактикалық бағдарламаларды іске асыру және пациенттерге қызмет көрсетудің заманауи тәсілдерін енгізу арқылы еліміздің жетекші емханаларының бірі ретінде танылды.

«Үздік стационар» номинациясында Алматы қаласындағы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы жеңімпаз атанды. Ұйым атынан Еркін Болатұлы Нұрлыханов қатысты. Бүгінде бұл аурухана жыл сайын мыңдаған пациентке шұғыл және мамандандырылған көмек көрсететін еліміздегі ең ірі көпбейінді медициналық орталықтардың бірі болып саналады.

«Үздік жастар денсаулық орталығы» атағы Семей қаласындағы №2 емхана жанынан құрылған «Жас Асыл» жастар денсаулық орталығы орталығына берілді. Гүлнар Айтмұханқызы Шәріпованың басшылығындағы орталық жастар арасында репродуктивтік денсаулықты сақтау, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы бағдарламаларды белсенді жүзеге асыруда.

«Үздік жедел медициналық жәрдем станциясы» номинациясының жеңімпазы болып Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы танылды. Ұйымның атынан Бақытжан Мырзагелдинов қатысты. Қызмет ұжымы өңір тұрғындарына тәулік бойы шұғыл медициналық көмек көрсетіп, жеделдік пен медициналық қызметтердің қолжетімділігі бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.

-Бүгін біз тек жекелеген мамандарды ғана емес, сонымен қатар медициналық көмектің жоғары сапа стандарттарын қалыптастырып отырған медициналық ұйымдарды да құрметтейміз. Әрбір жетістіктің артында кәсіби ұжымдардың еңбегі, заманауи жұмыс тәсілдері және мыңдаған медицина қызметкерлерінің күнделікті қажырлы еңбегі тұр, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Денсаулық сақтау министрлігінде бәсекелі ортаны дамыту, үздік практикаларды енгізу және табысты медициналық ұйымдардың тәжірибесін тарату денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Марапаттау рәсімі Медицина қызметкері күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бір бөлігі болды. Бұл кәсіби мереке жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінен келген медицина қауымдастығы өкілдерін біріктіріп, олардың ұлт денсаулығын сақтауға қосқан үлесін мойындаудың айқын көрінісіне айналып отыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив