Қазақстанда мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында балалар спортын қаржыландыруға 50 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне ҚР Туризм және спорт министрлігінің Олимпиадалық емес спорт түрлері және бұқаралық спортты дамыту басқармасының басшысы Айдос Есенәлиев мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
- Елімізде 2021 жылдан бері мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бүгінде 4 пен 17 жас аралығындағы 228 мыңнан астам бала жеті мыңнан астам спорт секциясына тегін қатысып жүр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 млрд теңге бөлінді, – деп хабарлады Олимпиадалық емес спорт түрлері және бұқаралық спортты дамыту басқармасы.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларын қаржыландыру мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде бұрын бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2025 жылы спортпен және дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысатын қазақстандықтардың үлесі 44,5 пайызды құрады. Бұл – 8,5 миллионнан астам адам. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шара өткізіледі. Оларға 1,5 миллионнан астам адам қатысады. Олардың қатарында жүгіру жарыстары, марафондар, велошерулер, спорт фестивальдері, аула турнирлері, мектеп және студенттер арасындағы жарыстар бар.
2026 жылдың басындағы жағдай бойынша халықтың спорт инфрақұрылымымен қамтылу деңгейі 59,6 пайызды құрады. Қазіргі таңда елімізде барлығы 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 13 154 дене шынықтыру-спорт нысаны, білім беру ұйымдары жанындағы 11 880 спорт нысаны және 1 484 спорт мектебі бар.
Пікірлер