Бүгін облыс әкімдігінде Мемлекеттік қызметші күніне орай «Цифрландыру дәуіріндегі мемлекеттік басқару: өңірлік аспект» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.
Оған облыстық басқарма басшылары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің өкілдері, жоғары оқу орындарының жетекшілері мен сарапшылар қатысты. Конференция барысында цифрлық трансформация жағдайында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің өзекті мәселелері қарастырылды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Айқымбековтің айтуынша, форумның басты мақсаты – мемлекеттік қызмет саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолданудың маңызын арттыру, осы бағыттағы өзекті мәселелерді талқылау.
– Бүгінгі форумда цифрландыру дәуіріндегі мемлекеттік басқаруға қатысты тың идеялар ұсынылып, маңызды баяндамалар жасалады. Мемлекеттік қызметшілер арасында цифрландыру мен жасанды интеллектіні тиімді қолдану тәжірибесін кеңінен насихаттау көзделген. Сонымен қатар аталған технологияларды енгізу барысында туындайтын мәселелер де талқыланады. Қатысушылар үшін пайдалы ақпараттар ұсынылады деп сенемін, – деді Ержан Айқымбеков.
Қатысушылар мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын, айқындығын және есептілігін қамтамасыз етудегі заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің рөлін талқылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, мемлекеттік аппараттың ашықтығын күшейтуге және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған цифрлық құралдарды енгізу мәселелері қарастырылды.
Ал С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген қазіргі кезеңде жастарды цифрлық дәуір талаптарына бейімдеудің маңызына тоқталды.
– Университетіміз жыл сайын түрлі сала бойынша білікті мамандар даярлайды. Олардың қатарында мемлекеттік қызметке қажетті кадрлар да бар. Біз Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен тұрақты серіктестік байланыс орнатып, бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеміз. Жастарды жасанды интеллект технологияларын меңгеруге баулу – уақыт талабы, – деді Мұхтар Төлеген.
Конференция қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тиімді, ашық әрі азаматтардың мүддесіне бағдарланған мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі екендігі атап өтілді.
Пікірлер