A+ A A-

talgatzhan 45 Бүгін, 15:05 0

Тарбағатай тұрғыны тазы баптап, арқан тартып, қыш құмыра жасайды

Бүгін / Тарбағатай

Тарбағатай ауданының тумасы Мейір Жетпісов соңғы жылдары шырға тарту бәсекелерінде жүлде алып жүр. Аудан орталығы Ақжар ауылында ұстаз, әрі қыш құмыра жасайды. Арқан тартыста да шеберлігін шыңдап жүрген азаматты әңгімеге тартып көрдік.


– Соңғы жылдары облыс көлемінде тазы баптауға ден қойған азаматтар жиіледі. Ұлан мен Риддерде ауқымды жарыстар өтіп тұрады. Өзіңіз осы уақытқа дейін қандай жарыстарға қатыстыңыз?

– Жалпы, Шығыс Қазақстан бойынша қазір тазы жүгірткен жігіттер саны көбейді. Бірі аңшылыққа, бірі шырға тарту сайыстарына қатыстырғысы келеді. Негізі тазының күтімі де өзінше қиын ғой? Бірақ бабаларымыз бұрыннан оны саятшылыққа ертіп, жыртқыштарды да соның көмегімен алған кездері көп. Қазір «Лашын» атты тазыммен біртіндеп жүлде алып жүрмін. Сезімтал. Бірақ өзі ашуланып, бөгде адамға тарпа бас салу деген жоқ.


– Қателеспесем, былтыр Бозанбай ауылы іргесіндегі «Шығыс Салбурыны» халықаралық фестиваліне де қатыстыңыз. Ол жердегі бәсекелестік қалай болды?

– Иә. Ол да бізге көп тәжірибе берді. Сайыстың өзі бірнеше кезең бойынша жалғасты. Нақтысында: құсты қолға қондыру, аңға салу және жылдамдығын тексеру. Құсбегілікпен қатар, ұлттық спорт түрлері де жақсы насихатталды. «Лашынға» ол кезде қатты сендім.


– Кей тазы түрлі жағдайға байланысты жарыстардан шет қалып жатады. Жарақат кедергі болуы мүмкін. Ұландағы жарыста «Лашын» бабында болды ма?

– Иә, ол былтыр 2023 жылғы жетістігін қайталап, екінші орыннан көрінді. Ол кезде жасы 3-те болатын. Екі жыл бұрын жарақаты болғандықтан қатыса алмадық. Өткен жылы жарақаты жазылып, жоғары дайындықпен бардық. 


– Шырға тарту жарыстарында әсіресе, финалда иттер мәреге таяғанда жұрт қолдау көрсетеміз деп қиқуға басады. Содан кейбір тазы жан-жаққа қарап аңтарылып қалады. Бұған не айтасыз?

– Мәреде тұрып айқайлауға болмайды. Бұл өте қате. Кедергі. Көптеген иттің бағын байлайтын да осы. Бір шақырымды жоғары жылдамдықпен еңсеріп келе жатып, мәреге санаулы метр қалғанда адамдардың шуынан тоқтап қалып жатты. Соны келесі жарыста ескерсе екен.


– Қыш құмыраны қашаннан бері жасап келесіз? Ол туралы идея қалай келді?

– Ақжар ауылындағы Өнер мектебінде мұндай үйірме екі жыл бұрын ашылды. Қуанышқа орай, бірден ынта қойып, үйренуге ниетті ұл-қыздар қарасы көп. Арнайы білім алдым деп айта алмаймын. Өзім әу баста бұған қатты қызықтым.


– Өзіңіз қолданатын арнайы әдіс бар шығар?

– Қазір әлеуметтік желі дамыған ғой. Көбін сол жерлерден үйрендім. Шетелде де, Қазақстанда да қалай жасап, балшықты қалай илеу керектігі көрсетілген. Небір бір қолөнерші бар. Керегін алып, көрген-түйгенімізді шәкіртімізге жеткізуге тырысамыз.


– Көп пе шәкіртіңіз?

– Бірнеше сынып оқушысы сабақ ыңғайына қарай келіп, қатысып тұрады. Ақжар ауылында ата-аналар бауыр еті баласы гаджеттерден жырақтап, осындай үйірмелерге баруын үнемі қолдайды. Соңғы уағытта құмыра жасап үйренемін дегендер көбейді.


– Кәдімгі балшықты қолданасыз иә?

– Иә. Табиғи, таза балшық. Қай ауданға, ауылға барсаңыз табыла кетеді. Кейін қол былғанғанда жуып, кетіруге де оңай.


– Сіздің ойыңызша, ұлттық өнерді қолдап, қызығатын жастар көп пе қазір?

– Ауылдарда көп кездеседі. Төл өнерімізді қашан да қолдау керек деп ойлаймын. Өзім тазы баптап, құмыра жасап, ұстаздық қызметтен бөлек, ауданның арқан тартыс құрамасындамын. Арасында домбыра тартатыным бар.


– Арқан тарту спорты ауданда қаншалықты дамыған?

– Оған көп дайынды керек. Бізде де біртіндеп қолға алынып келеді. Бірнеше жылдан бері аудан құрамасында өнер көрсетіп келемін. Риддер қаласы мен Ұлан ауданы командалары облыста мықты болып. Таңсәріден ерте тұрып, спортты серік еткен бірнеше жігіт жаттығу жасаймыз үзбей. Алдағы уақытта нәтиже көрсететінімізге сенімдіміз.


– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

– Сіздерге де рахмет!


Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет: автордікі

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив