A+ A A-

talgatzhan 50 Бүгін, 14:05 0

Оралхан Бөкей атындағы кітапхана 268 маманның басын қосатын конференция өткізгелі жатыр

Бүгін / Өскемен

29-30 маусым күндері Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада «Болашақтан қорықпау: жасанды интеллект дәуіріндегі кітапхана» атты Орталық Азия кітапханашыларының халықаралық конференциясы өтеді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Ал бүгін БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылды. Мәлім болғандай, аталған конференцияны Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Өскемен қаласындағы Орыс үйі және О. Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхана ұйымдастырып отыр.
Екі күнге созылатын ауқымды шара аясында жетекші сарапшылардың дәрістері, практикалық тренингтер, авторлық шеберлік сағаттары, кәсіби тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып, жасанды интеллект дәуіріндегі кітапханалардың даму бағыттары талқыланады. Конференция гибридті форматта өтеді. Яғни қатысушылар оффлайн және онлайн түрде қатыса алады. Онлайн трансляция кітапхананың YouTube арнасында көрсетіледі.
– Конференцияға Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінен және Қазақстанның әр өңірінен кітапханашылар қатысады. Оффлайн форматта 76 маман, ал онлайн форматта 192 қатысушы тіркелген. Шараның басты мақсаты – жасанды интеллекттің этикалық аспектілерін талқылау және кітапхана қызметкерлерінің цифрлық сауаттылығын арттыру. Бүгінде жасанды интеллект барлық салада қолданылып жатыр. Сондықтан оны және нейрожелілерді тиімді әрі сауатты пайдалану маңызды. Ол үшін дұрыс промпт, яғни нақты нұсқаулық беру қажет. Нұсқаулықтың көмегімен жасанды интеллектке тапсырма беріп, фото, видео, презентация және мәтіндерді өз қажеттілігімізге сай әзірлеуге болады, – деді кітапхана қызметкері Үмітхан Сетерхан.
Конференция барысында спикерлер «Қазақстандағы жасанды интеллект саласындағы мемлекеттік саясат және оны дамыту тұжырымдамасын іске асыру», «Жасанды интеллект, тарих және мәдениет: заманауи кітапхана аудиториямен технологиялар тілінде қалай сөйлеседі?», «AR-технологиялары арқылы виртуалды киім киіп көру: жасанды интеллект, 3D-дизайн және веб-платформалар» секілді өзекті тақырыптарды қамтиды.
– Біздің кітапхана толық модернизациядан өтті. Егер бұл жұмыстар жүргізілмегенде, мұндай деңгейдегі халықаралық конференцияны өткізу қиын болар еді. Бүгінде кітапханадағы көптеген заманауи жабдық 12 жобаның нәтижесінде алынған. Осы уақытқа дейін үш халықаралық конференция өткіздік. Биылғы шара 268 кітапханашының басын қосып отыр. Оның кәсіби қауымдастық үшін пайдасы зор болады деп сенемін. Қазір жаңа жобаларды жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.
Пресс-тур барысында журналистер кітапхана жұмысымен толық танысты. Қазір мұнда 3D-принтерлер, фотосуреттерді жандандыру технологиялары, Comics Club және мультстудия жұмыс істейді. Сонымен қатар инклюзивті бағытқа да ерекше көңіл бөлінген. Демеушілердің қолдауымен ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған интерактивті құрылғылар сатып алынып, олармен дефектолог мамандар жұмыс жүргізуде.
Ал мультстудияда балалар оқыған шығармаларының кейіпкерлерін қағазға түсіріп, арнайы бағдарламалар арқылы оларды экранда анимациялай алады. Осылайша кітапхана балаларды кітап оқуға қызықтырудың заманауи тәсілдерін енгізіп, оқырман мен технология арасындағы байланысты нығайтып келеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив