
Тарбағатай ауданында 3,5 млрд теңгеге балық өңдейтін зауыт салынуы мүмкін
Әр аптада аудан басшылары, не орынбасарлары келіп, жыл басталғалы атқарылған жұмысты қорытындылап, ресми дерекпен бөлісіп жатыр. Жуықта Тарбағатай ауданы басшысы Дархан Жөргекбаев тұрғындар жиі қозғаған ах халаттылар тапшылығы, ауызсу тақырыбы және басқа да мәселелер бойынша БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жұртқа жарық көше қажет
Анықталғандай, өткен жылы ауылдарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 10 жобаға 1 млрд 78,7 млн теңге бөлінді.
– Құйған және Жаңаауыл ауылдарында ауызсу желілерін қайта жаңғырту аяқталды. Сонымен қатар Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылы толықтай орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Қазір Асусай және Шорға ауылдарында орталықтандырылған су құбыры желілері мен су жинау резервуарларының құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, алдағы уақытта Шеңгелді, Шолақорда, Ахметбұлақ, Тәуке, Жамбыл және Бозша ауылдарына да орталықтандырылған су құбыры желісін тарту жоспарланған.
Ауылдарды абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Былтыр аудан бойынша 7 балалар ойын алаңы, 4 стрит-воркаут алаңы және 6 шағын футбол алаңы салынды. Аудан әкімінің айтуынша, аудан орталығы Ақжарда бүгінде 10 футбол алаңы мен 14 балалар ойын алаңы тұрғындар игілігіне пайдаланылып келеді.
Көшелерді жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазір аудан көшелерінің 95 пайызы жарықтандырылған көрінеді. Былтыр бұл мақсатқа 82,02 млн теңге бөлініп, жаңа тіректер орнатылып, жарық шамдары жаңартылды.
Мал бордақылауға мән беріп отыр
Тәуке ауылында екі жыл бұрын жаңа мектеп пайдалануға берілсе, биыл мұнда асфальт-бетон зауытының құрылысы аяқталды. Жобаны «Ивега» ЖШС жүзеге асырған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 317 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді.
– Жобаға 200 млн теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар зауытты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету және жол құрылысына қажетті материалдарды өндіру мақсатында екі инертті материал карьері бекітілді. Бұл жер қойнауын пайдалану саласындағы көрсеткіштердің артуына ықпал етеді. Сондай-ақ кәсіпорында 15 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, – деді Дархан Жөргекбаев.
Ауданда ірі инвестициялық жобалар да қолға алынуда. Соның бірі – «East Smelting» ЖШС жүзеге асыратын молибден-мыс кенін байыту комбинаты. Инвестиция көлемі 216 млрд теңгені құрайтын жобаны 2030-2032 жылдары іске қосу жоспарланған.
Мәлім болғандай, балық шаруашылығы саласында да жаңа өндіріс орны ашылмақ. «Crystal lake» ЖШС жылына 6 мың тонна өнім өңдейтін балық өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр. Жобаның құны – 3,5 млрд теңге. Қазір жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы бағытында пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу бойынша өткен конкурс нәтижесінде «Жеңіс ауыл шаруашылығы» ЖШС жеңімпаз атанды. Қазір кәсіпорын жобаны іске асыруға кірісті. Алдағы уақытта мұнда 10 мың басқа дейін ірі қара мал сатып алу көзделген. Жоба аясында 21 тұрақты және 10 маусымдық жұмыс орны ашылады. Тағы бір айта кетерлігі, ауданда 100 бастан асатын бес бордақылау алаңы жұмыс істейді. Олар Ақжар ауылдық округіндегі «Ихан баба», «Мойын», «Сенім» шаруа қожалықтары мен Жетіарал ауылдық округіндегі «Дарабоз» және «Жетіарал даму» шаруашылықтары.
– Аудан аумағында қуаттылығы 1000 бастан 5000 басқа дейінгі ірі бордақылау алаңдарын салу жобалары қолға алынуда. Оның ішінде Ақжар және Жаңаауыл ауылдық округтерінде әрқайсысы 5000 басқа арналған заманауи бордақылау алаңдары салынады, – деді аудан әкімі.
Амбулатория салынатын ауылдар
Дархан Шомпайұлының сөзінше, өткен жылы ауданда денсаулық сақтау саласында 11 жоба жүзеге асырылып, медициналық нысандарды жөндеуге 1,1 млрд теңге бағытталды. Нәтижесінде аудандық аурухананың инженерлік желілері толық жаңартылды. Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен Жаңатілеу ауылындағы медициналық пункт күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар Ақжардағы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі толық жаңғыртылып, емхана бөлімшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ауданда шасси базасында орнатылған жылжымалы цифрлық флюорографиялық рентген кешені пайдалануға берілді. Аталған кешен мамыр айында іске қосылып, бүгінде күніне 150 адамға дейін қызмет көрсетіп отыр.
– «Қазақстан халқына» қоры мен демеушілердің қолдауымен қажетті медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, оңалту кабинеттері ашылды. Сондай-ақ «Казцинк» компаниясының демеушілігімен медициналық қалдықтарды өңдеуге арналған заманауи жабдық алынды. Бұдан бөлек, жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі артты, – деді аудан әкімі.
Былтыр ауданда алғаш рет травматология бөлімі ашылды. Бір жыл ішінде мұнда 30 күрделі операция жасалған. Алдағы уақытта Қабанбай мен Қарасу ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, ал Жаңалық пен Бозша ауылдарында медициналық пункттер салу жоспарланып отыр.
Еркежан ЕРКІНБЕКҚЫЗЫ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер