A+ A A-

talgatzhan 40 8-11-2024, 21:00 0

Өскеменде Тарбағатай ауданының мәдени күндері өтуде

Бүгін / ШҚО / Тарбағатай

Игі дәстүрге айналған “Туған жер - алтын бесігім” жобасы аясында Тарбағатай ауданының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Бүгін шаһар жұрты Шығыс Қазақстан облыстық филармониясына жиналды. Мәдени шараға облыс әкімі Ермек Көшербаев та қатысты. Алдымен өскемендіктер фойедегі ауқымды көрмені тамашалады. Мұнда қолөнер бұйымдары, өнер туындылары, тарихи-мәдени жәдігерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Сондай-ақ басты экранда аудан тарихы мен бүгінгі келбеті туралы бейнеролик көрсетілді. Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаевтің айтуынша, мұндай іс-шаралар аудан мәдениетін дамытып, өнерпаздарды облысқа танытуға мүмкіндік береді.

- Бүгін Тарбағатай ауданының мәдени күндері басталды. Қазір болатын гала концерт ерекше көңіл-күй сыйламақ. Ал ертең “Шығыс Алтай” сауда орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары өздеріне қажет өнім түрлерін сатып ала алады. Төрт түліктің еті, ірімшік, құрт, май сынды сүт өнімдері, көкөніс пен балық еті ұсынылады. Барлығының бағасы нарықтағыдан 15-20%-ға төмен сатылады. Сондай-ақ спорттық жарыстар да ұйымдастырылады, - деді ол.

Көрмеден кейінгі гала концерт “Бабалар үні” атты хореографиялық-поэтикалық қойылыммен басталды. Кейін солистер мен шығармашылық ұжымдар ән мен биден шашу шашты. Оркестр орындауында түрлі шығармалар шырқалып, жыр төгілді.

Кеш соңында сахна төріне көрермен атынан өнерпаздарға арнап ықылас гүлі шығарылды. Осылайша жұма кешінде жиылған жұрт рухани әрі мәдени уақыт өткізіп қайтты.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив