A+ A A-

talgatzhan 38 Бүгін, 16:40 0

Жаңа құқықтық жүйе бірқатар лауазымды тұлғаға сайлауға қайта түсуге мүмкіндік береді

Бүгін / Республика

Қазақстанның Конституциялық соты жаңа Конституцияның бірқатар бабына ресми түсіндірме берді. Сот ұстанымына сәйкес, 1995 жылғы Конституция талаптарына сай қызмет атқарған адамдардың бұрынғы мерзімі жаңа Конституциядағы шектеулерді есептеу кезінде ескерілмейді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Мемлекет басшысы Конституциялық соттан 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын ресми түсіндіруді сұраған. Нақтырақ айтқанда, Президент “1995 жылғы Конституцияға сәйкес қызмет атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін сол лауазымдарға қайта сайлана немесе тағайындала ала ма?” деген құқықтық мәселені көтерген.

Конституциялық сот аталған нормалар мазмұнын талдай келе, Конституцияда белгіленген шектеулер тек 2026 жылғы Конституция мен соған сәйкес қабылданған заңнаманың аясында жүзеге асқан сайлау немесе тағайындау фактілеріне ғана қатысты екенін атап өткен. Соттың түсіндіруінше, жаңа Конституцияда 1995 жылғы Негізгі заң қолданыста болған кезеңдегі қызмет мерзімдерін немесе сол кезеңдегі сайлану мен тағайындалу фактілерін есепке алуды міндеттейтін ешқандай норма жоқ.

Осыған байланысты, азаматтың белгілі бір лауазымды 1995 жылғы Конституция кезінде атқарғаны 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін сол қызметке қайта сайлануына немесе тағайындалуына құқықтық кедергі бола алмайды.

Конституциялық соттың ресми түсіндіруіне сәйкес, 1995 жылғы Конституция негізінде қызмет атқарған тұлғалар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін аталған лауазымдарға қайта сайлана немесе тағайындала алады. Сонымен бірге, жаңа Конституциядағы мерзімдік және өзге де шектеулерді қолдану тұрғысынан мұндай сайлану немесе тағайындалу алғашқы рет сайлану немесе тағайындалу ретінде есептеледі.

Яғни, 1995 жылғы Конституция кезеңіндегі қызмет өтілі жаңа конституциялық шектеулерді есептеу кезінде құқықтық мәнге ие болмайды.

Қорытынды

Конституциялық сот Президенттің өтінішін қарап, 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағы, 72-бабының 2 және 3-тармақтары, 83-бабының 1-тармағы және 84-бабының 3-тармағы 1995 жылғы Конституцияға сәйкес қызмет атқарған адамдардың жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол лауазымдарға қайта сайлануына немесе тағайындалуына мүмкіндік береді деген ресми құқықтық түсіндірме берді.

Фото: Egemen.kz

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив