Жаңа модель талапкерлердің сыни ойлауы мен академиялық дағдыларын бағалауға бағытталады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Астанада білім беру саласындағы тестілеу және бағалау бағытындағы халықаралық жетекші ұйым – ETS өкілдері ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығына Admissions Insight Test (AIT) жаңа қабылдау емтиханының моделін әзірлеуге арналған зерттеу жұмысының нәтижелерін таныстырды.
Кездесу барысында қолданыстағы бағалау жүйесіне жүргізілген талдау, халықаралық тәжірибе, жоғары оқу орындарының қажеттіліктері, кадрлық әлеует, жасанды интеллект технологияларын пайдалану мүмкіндіктері және болашақ AIT емтиханының негізгі талаптары таныстырылды.
Жаңа емтихан тұжырымдамасы талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, сыни ойлау, талдау жасау, академиялық мәтіндермен жұмыс істеу, өз ойын дәлелді жеткізу және білімін тәжірибеде қолдану қабілеттерін кешенді бағалауды көздейді.
Сонымен қатар тест тапсырмаларының сапасын арттыру, олардың тілдік түсініктілігін қамтамасыз ету, бағалау рәсімдерінің объективтілігін күшейту, тапсырмалар қорын дамыту және тест нұсқаларын автоматты түрде қалыптастыру бағытындағы ұсыныстар да ұсынылды.
Министрліктің мәліметінше, жаңа модельді сынақтан өткізу кезеңінде қолданыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі өзгеріссіз жұмысын жалғастырады. Барлық жаңашылдықтар зерттеу нәтижелері мен пилоттық сынақтардың қорытындысы негізінде кезең-кезеңімен енгізіледі.
Пікірлер