A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 10:30 0

«Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысында Серік Қуанған жеңімпаз атанды

Бүгін / Катонқарағай / Руханият

Катонқарағай ауданындағы халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Өнер додасында еліміздің әр өңірінен келген 12 айтыскер бақ сынады. Олардың қатарында Мақсат Ақанов (Қарағанды облысы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Мейірбек Сұлтанхан (Астана қаласы), Абай Жолмағамбет (Маңғыстау облысы), Дәурен Ақсақалов (Түркістан облысы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Қуандық Кенжебекұлы (Абай облысы), Жанерке Қамбар (Жамбыл облысы), Нұрлан Есенқұл (Шымкент қаласы), Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) және Жұлдызай Маратбекқызы (Шығыс Қазақстан облысы) бар.

Айтысты ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізсе, қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман болды. Сондай-ақ қазылар құрамында Серік Құсанбаев, Құдайберлі Мырзабеков, Қойлыбай Асанов, Ұлықбек Есдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан және айтыс сарапшысы Өміржан Көпбосынов төрелік етті.

Халық сөз бұйдасын ұстаған саңлақтардың өнеріне тәнті болып, ду қол шапалақпен қолдап отырды. Айтыскерлер Ақтан Нұрбаевтың әдеби мұрасы туралы кеңінен айтып, ұлттық құндылықтар, елдік, бірлік, тәуелсіздік және руханият сынды түрлі тақырыптарды қаузады. 

Айтыс қорытындысы бойынша 3 орынды Шұғайып Сезімхан мен Дәурен Ақсақалов иеленді. Олардың әрқайсысына 750 мың теңгеден берілді. Ал 2 орынға лайық деп танылған Абай Жолмағамбет пен Мақсат Ақанов 1 млн теңгеден қаржылай сыйлық алды. Бірінші орын алған Мейірбек Сұлтанхан 2 млн теңгені қанжығасына байлады. Ал бас жүлде мен автокөлікті бәсекелестерінен оза шапқан Серік Қуанған жеңіп алды. Сөз бұйдасын ұстаған басқа да ақындарға 500 мың теңгеден берілді.

- Бүгін киелі де қасиетті Шығыс жерінде от ауызды, орақ тілді ақындарымыздың өнерін тамашаладық. Дүйім жұрт кешелі бері өлең-жырға қанық болып, ерекше серпіліп қалды. Осы ретте, айтысқа төрелік еткен қазылар алқасының төрағасы Жүрсін Ерманға зор алғысымызды білдіреміз! Биыл 75 жасқа толған ағамызға облыс жұртшылығы атынан автокөлік сыйлауға рұқсат етіңіздер, - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Осыдан соң аймақ басшысы Жүрсін Ерманға жаңа автокөліктің кілтін табыстады. 

Ақпарат және фотосурет: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив