Күллі түркі жұртын тоғыстырған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі туралы жағымды пікірлер мен жаңалықтар легі таусылар емес. Осы орайда фестивальдің басты қонағы болған Димаш Құдайбергеннің анасы Света Айтбаева алған әсерімен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Киелі Катонқарағай жерінде өткен фестиваль 10–12 шілде аралығында ұйымдастырылды. Оның екінші күніндегі гала-концертке 50 мыңнан астам көрермен жиналды.
– «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне қатысып, Димаштың концертін тамашалап, халықтың даладай дархан пейіліне тәнті болып қайтып барамыз. Түркі әлемінің тұтастығын әйгілеген мұндай деңгейдегі фестиваль Алматы мен Астанада жоқ. Табиғаты кіршіксіз Катонқарағай төрінде өткен бұл шара ерекше әсер сыйлады» , – деп жазды Света Айтбаева.
Сондай-ақ ол Димаш Құдайбергеннің өнерін ерекше ықыласпен қабылдап, концерт барысында әндерін тік тұрып тыңдаған көрерменге шынайы алғысын жеткізді.
– «Тамаша табиғат, жайлы ауа райы, жоғары деңгейдегі ұйымдастыру – бәрі-бәрі естен кетпестей әсер қалдырды», – деді әншінің анасы.
Айта кетейік, аталған фестиваль Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі қолдауымен және облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өтті.
Пікірлер