Облыс орталығында кәсіпкерлік нысандарының иелері мен жалға алушыларының абаттандыру қағидаларын сақтауына бақылау күшейтілді. Қала аумағында жаңа Үлгілік абаттандыру қағидаларының талаптарын түсіндіру және олардың орындалуын бақылау мақсатында рейд жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында абаттандырудың жаңа Үлгілік қағидалары күшіне енді. Соған сәйкес әрбір кәсіпкерлік нысанына оған іргелес 5 метр радиустағы аумақты күтіп-ұстау бойынша жауапкершілік жүктеледі.
Кәсіпкерлік нысандарының иелері мен пайдаланушылары іргелес аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге, қыс мезгілінде қар мен көктайғақты уақтылы тазартуға, ғимараттардың қасбеттерін, маңдайшаларын, кіреберіс топтарын және қоршауларын тиісті жағдайда ұстауға міндетті. Егер кәсіпкерлік нысаны аялдама кешенінде орналасқан болса, оған іргелес бүкіл аумақтың тазалығын қамтамасыз ету де меншік иесінің міндетіне жатады.
Қазір қалада түсіндіру және рейдтік жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Рейд барысында кәсіпкерлерге жаңа талаптар түсіндіріліп, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою жөнінде ескертулер беріледі. Заң талаптарын орындамаған тұлғаларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылады.
Қала әкімдігі кәсіпкерлерді өз нысандарының іргелес аумақтарын, қасбеттері мен кіреберіс бөліктерін белгіленген талаптарға сәйкес ұстауға шақырады. Таза әрі көрікті қала қалыптастыру – жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің ортақ жауапкершілігі.
Пікірлер