
Катонқарағайлық Фархат Қадырбаев соңғы төрт жылда етік тігіп, кәсібін дөңгелетіп келеді. Бала күннен тері илеп, киіз басудың қыр-сырына қаныққан оның қолынан шыққан пималар мен былғары етіктерге сұраныс жоғары. Шебер алдағы уақытта тері өңдейтін цех ашып, қазақы нақыштағы аяқ киім өндірісін кеңейтуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Етік тігу ісімен қашаннан бері айналысып келесіз?
– Катонқарағай ауданы Топқайың ауылының тумасымын. Өскемен қаласына 2001 жылы көшіп келдік. Заң және инженерия саласында еңбек еттім. Ал етік тігуді қолға алғаныма 4 жылдай болды. Апам ауылда жазды күні шимен киіз басатын, тері илейтін. Сол кісінің қасында жүріп біраз дүниені үйрендік. Бала кезде пиманың өкшесі тесіліп қалғанда өзім табандап алатынмын. Қайыстан ертұрман да істейтінмін.
– Етік тігу барысында қандай материалдарды қолданасыз?
– Өскемен іргесіндегі Предгорное ауылында киіз басатын зауыт бар. Содан аламын. Ол техникалық киіз деп аталады. Пима тіккенде қолданамын. Ал ішіне салатын қойдың жүніне Семейден тапсырыс беремін. Иленген, дайын күйде келеді. Болашақта өзім қой терісін өңдейтін цех ашқым келеді. Қазір облыста мал басы бар, субсидия да бөлініп жатыр. Бірақ жүн және тері жинайтын цех әлі жоқ.
– Бір жұп етік тігуге орта есеппен қанша уақыт кетеді?
– Әуелі киізді кесіп, формасын пішіп, тапсырыс берген адамның өлшеміне қарай жасаймыз. Одан соң қойдың терісін кесіп алып, желімдеп қатырамыз. Ол 2-3 сағаттай қатып тұруы тиіс. Осының бәрін есептегенде бір пима жасауға 1 күн уақыт кетеді.
– Қазір қандай үлгідегі етіктерге сұраныс көп?
– Стильді, қыдыруға киетін етіктер тікпеймін. Менікі күнделікті жұмысқа киетін аяқ киімдер. Сол үшін көбіне балықшылар, қыстың күні далада базарда тұратын саудагерлер алып жатады. Суық қоймаларда жұмыс істейтін адамдар да тапсырыс береді. Себебі бұл етіктер аяқты жылы ұстайды.
– Өнімдеріңіздің орташа бағасы қандай?
– Өз қолыммен істегеннен кейін етіктердің сапасына кепілдік бере аламын. Сатып алған адамдар 6 жыл кидік деп ризашылықтарын білдіріп жатады. Сондықтан ең қымбат деген пима 30 мың теңге тұрады. Ал кіші өлшемдегі аяқ киімдер 15-20 мың теңгеден болады. Былғары етіктер қымбаттау. Оның материалын Семей мен Павлодардан алдыртамыз. Сапасы жоғары. Клиенттің сұранысына сәйкес кейде қасқырдың терісін де қосып береміз. Бағасы – 40 мың теңге. Көбіне сауда күз, қыс мезгілдерінде жүреді. «Қыстың қамын жаз ойла» дейді ғой. Жаз бойы тіккен етіктерімізді суық түскенде сатып алып жататындар аз емес. Бірақ алдағы уақытта жыл он екі ай сатуға болатын былғарыдан қазақы ою-өрнектермен сәнделген аяқ киімдер тігуді көздеп отырмын.
– Қолмен тігілген етіктің фабрикада шығарылған етіктен қандай артықшылықтары бар?
– Бізде де, шетелде де қолмен жасалған дүниелер қашанда қымбат болады. Одан кейін өз өнімін саудалайтын адам сапаға әркез мән береді. Ал алып-сатарлар болса тауарды сатып жіберуді ойлап тұрады. Сондықтан фабрикада шығарылғаннан гөрі қолмен тігілген етіктер сапалы, жылы әрі ұзаққа шыдайтын болады, ылғалда жатып қалса көгермейді, шірімейді.
– Жұмысыңызда есте қалған ерекше тапсырыс немесе қызықты оқиға болды ма?
– Бірде Серебрянск қаласынан бір егде жастағы кісі пимаға тапсырыс берді. «Таңертең келіп, кешке кетіп қаламын. Етікті алып кетуім керек» деп асықтырды. Содан мейлінше тез бітіріп бердім. Келесі күні маған фото жіберді. Қарасам жібі сөгіліп кетіп, етіктің басынан аяғы шығып тұр. «Бауырым, асықтырып жібергенім дұрыс болмады» деп күлді. Сосын басқа пима тігіп беріп, ананы алып қалдым. Сөйтіп клиентім асықтырғанның дұрыс еместігін түсінді.
– Болашақта кәсібіңізді кеңейту немесе жаңа бағыттарды дамыту жоспарыңыз бар ма?
– Иә. Себебі сұраныс өте көп болып жатыр. Алдағы уақытта тері илейтін цех ашуды жоспарлап отырмын. Тек аяқ киім емес, тон тігуге де болады. Қойдың жүнінен ересектер де, балаларға да тон тіге аламын. Былғарыдан сөмке де жасаймыз. Бізде бұл кәсіпті дамытудың мүмкіндіктері өте зор. Талапты, еңбекқор, қолынан іс келетін жастар да бар.
– Өзіңіз сияқты іс бастағысы келетін шеберлерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Қашанда адам аяқ киім киеді. Онсыз болмайды. Сондықтан бұл өнімге сұраныс әркез бола береді. Жастарға айтар ақылым, арнайы оқуын оқып, шеберліктеріңізді шыңдап, білімдеріңізді жан-жақты арттырып алыңыздар. Сапаға баса мән беріңіздер. Сонда нәтиже болады.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер