Облыс аумағында жаңа казино, ойын автоматтары бар залдар, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар орналастырылатын аумақтар белгіленді. Ақпарат облыс әкімінің ресми сайтында жарияланған екі жоба қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды Buqara,kz сайтының тілшісі.
Шаруа қожалықтарымен шектеседі
Бірінші жоба Зайсан ауданына қатысты. Құжатқа сәйкес, Сәтбай елдімекені маңында құрылысы аяқталуға жақын қалған әуежайдан 10 шақырым жердегі 153,6 гектар аумақ ойын аймағы ретінде қарастырылып жатыр. Ресми жобаға сүйенсек, солтүстік жағынан шаруа қожалығы аумағымен, оңтүстік жағынан жайылым жерлері аумағымен шектеседі. Одан бөлек, батыс пен шығыс жағынан шаруа қожалығы аумағымен шектесетіні жазылған. Казино, ойын автоматтары, букмекерлік кеңселер орналастырылатын жер ретінде Қарабұлақ ауылдық округі көрсетілген.
Екінші жоба Марқакөл ауданында бірден екі ойын аумағын құруды көздейді. Бірі Марқакөлден 10 шақырым жерде орналасқан Ұрынхайка ауылы маңында болса, екіншісі Ақжайлау ауылынан 500 метр қашықтықта салынбақ. Әр учаскенің аумағы 100 гектар.
Құжатта көрсетілгендей, Ұрынхайка жақтағы ойын аумағының үш жағы жер қорымен, ал батысында қолданыстағы автожолмен шектеспек. Ақжайлау ауылы маңындағы алаңды да дәл осындай сызбамен қоршамақ.
Түсіндірме құжатында аталған ойын аймақтарын құруға қажетті қаржы облыстық бюджеттен бөлінетіні көрсетілген. Сонымен қатар құжат авторлары бұл шешімнің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық немесе өзге де бағыттар бойынша келеңсіз салдары болмайды деп отыр. Осыған байланысты талдау жүргізу талап етілмейтіні де айтылған.
Казиноға кімдер кіре алмайды?
Қаулы жобаларының орындалуын туризм саласына жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары бақылауға алады. Зайсан және Марқакөл аудандарының таңдалуы кездейсоқ емес. Облыс билігі бұл өңірлерді туризмді дамытуға қолайлы бағыттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Ресми ақпаратқа сәйкес, казино мен букмекерлік кеңселер Төсқайың мен Марқакөл ауылдық округі аумағында орналастырылады.
Марқакөл – аймақтағы ең көрікті табиғи нысандардың бірі. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы аумағында орналасқан көл қайталанбас табиғатымен, сирек кездесетін жануарлармен және экологиялық туризмге қолайлы мүмкіндіктерімен танымал. Мұнда табиғат аясында демалуды, жаяу серуендеуді және балық аулауды ұнататын туристер жиі келеді.
Ал Зайсан ауданында Зайсан көлі, Бұқтырма су қоймасы, тарихи-археологиялық ескерткіштер орналасқан. Сондай-ақ мұнда шекара маңы туризмі де қарқынды дамып келеді.
Айта кетейік, Қазақстанда казино мен ойын автоматтары залдары 2007 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енген «Ойын бизнесі туралы» заңға сәйкес елдімекендерден тыс арнайы ойын аймақтарында ғана жұмыс істей алады. Осыған байланысты бұрын берілген лицензиялардың күші жойылып, казино ашуға тек арнайы белгіленген аумақтарда ғана рұқсат берілген.
Маңыздысы сол, бұл ойын аймақтары шетелдік туристерге арналып отыр. Қазақстан азаматтарының казиноға кіруіне заң жүзінде тыйым салынған. Сондықтан мұнда тек шетелдіктер ғана ойын қызметтерін пайдалана алады.
Жанерке САДЫҚ
Фото: ЖИ
Пікірлер