A+ A A-

talgatzhan 41 Бүгін, 16:55 0

Өскемен қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты не үшін сотталды?

Бүгін / Өскемен / Қылмыс

Қалада автомобиль жолдарын күтіп ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сотталған «Таза Өскемен» мекемесінің бұрынғы директоры әрі қалалық мәслихаттың экс-депутаты Асхат Тәженов, оның орынбасары Ардақ Әбділдинов және кәсіпкер Игорь Федосов апелляциялық шағым әзірлеп жатқанда қылмыстық іс төңірегінде тың ақпараттар шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Hronika.kz-ке сілтеме жасап.

Сотталушылар өздерін ақтауды сұрады

Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы Асхат Тәженов болған. Іс материалдарына сәйкес, күдіктілер қала жолдарын күтіп ұстау және инертті материалдарды жеткізу бойынша жалған келісімшарттар жасап, өздеріне қатысы бар компаниялар арқылы бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырған.
Кейін олар үшінші тұлғалардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланған.
Соның нәтижесінде мемлекет қаржысы нақты орындалмаған жұмыстар үшін аударылып, кейін оны күдіктілер өзара бөліп алған. Мемлекеттік айыптаушы мемлекеттік сатып алу барысында жасалған қаржылық заңбұзушылықтар салдарынан мемлекетке 61 199 334 теңге көлемінде залал келгенін алға тартты.
Сотталушылар тағылған айыппен келіспей, өздерін ақтауды сұрады. Асхат Тәженов пен Игорь Федосов сотқа дейінгі тергеу кезінде берген жауаптары ШҚО Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің қысымымен алынғанын мәлімдеді.
Асхат Тәженов аялдама павильондарына қатысты мәселелерді түсіндіре отырып, бұл жұмыстарды заңға сәйкес қосалқы мердігерге беруге болатынын, ал павильондардың қалай дайындалғанын білмейтінін айтты. Оның сөзінше, ол тек сапасын бақылаған және ешкімнен ақша алған жоқ.
Дегенмен сотқа дейінгі тергеу барысында Тәженов басқалай жауап берген. Онда мемлекеттік мекеме қызметкерінің өтінішіне сәйкес жұмыстарды басқа компания арқылы рәсімдеп, павильондар орнатылған соң қаражаттың кәсіпкер Игорь Федосовқа аударылғанын, кейін ақшаның бір бөлігі өзіне қайтарылып, оның 35 миллион теңгесін мемлекеттік мекеме қызметкеріне бергенін көрсеткен.

Қандай жаза тағайындалды?

Сот іс материалдары мен куәлардың айғақтарын зерделей келе, айыпталушыларды кінәлі деп таныды. Сонымен қатар олардың әрекеті аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық ретінде қайта сараланды.
– Сот істі болғандардың мемлекеттік мекеме қаражатын жымқыру ниеті болмағаны туралы айтқандарына сын көзбен қарайды және оларды қылмыстық жалтаруға бағытталған қадам деп бағалайды. Сондай-ақ сотталушылардың сотқа дейінгі тергеу барысында өздеріне қысым көрсетілгені жөніндегі уәждері тексеру барысында дәлелденбеді, – делінген үкімде.
Сонымен ісі қарау нәтижесінде Асхат Тәженов 6 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына мемлекеттік қызметте, мемлекеттік ұйымдарда еңбек ету құқығынан айырылды. Ал Ардақ Әбділдиновтің де алдағы қызметіне осындай шектеу қойылды және ол да 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланған слң ол сот залында қамауға алынды. Сондай-ақ Игорь Федосов 5 жылға бас бостандығынан шектелді. Оған жазасын өтеген соң бес жыл бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға, мемлекеттік органдар мен тауар жеткізуге байланысты кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған апелляциялық тәртіппен шағым түсірілуі мүмкін.

Баян Өтепқали
Фото: astanatv.kz

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив