Өңір полициясы «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасының аралық қорытындысын шығарды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл жасап, оны тарату арналарының жолын кесуге, жабайы қарасора өсетін алқаптарды жоюға бағытталған республикалық іс-шара аймақта әлі жалғасып жатыр.
Оған 224 полиция қызметкері, Ұлттық ұланның 20 әскери қызметшісі және Кинологиялық қызмет орталығының 21 қызметтік-іздестіру иті жұмылдырылған. Облыс аумағында «Тарлан», «Жасын» және «Рубеж» бекеттері жұмыс істеп жатыр. Қызметтік-іздестіру иттері көмегімен 13 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
– Жедел-профилактикалық іс-шара басталғалы полицейлер 51 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығын, оның ішінде 37 есірткі қылмысын анықтады. Құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіруге арналған үш фитозертхана жойылып, заңсыз айналымнан 30 кг астам есірткі заты тәркіленді. Сонымен қатар, 20 гектардан астам жабайы қарасора алқабы жойылды, – делінген облыстық Полиция департаменті ұсынған мәліметте.
Фото: aqmeshit-aptalygy.kz
Пікірлер