A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 15:00 0

Шілдеде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы алғаш рет төмендеді

Бүгін / Республика

Қазақстанда шілде айының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,3%-ға төмендеді. Бұл – биыл алғаш рет аталған санаттағы өнімдер бойынша айлық дефляцияның тіркелуі, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап. 

Ведомствоның мәліметінше, соңғы бір аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,1%-ға төмендеген. Осы кезеңде картоп, қызанақ, қияр, алма, сәбіз және жұмыртқа сияқты бірқатар өнімнің орташа бағасы арзандаған.

Азық-түлік инфляциясының жылдық қарқыны да қатарынан алтыншы ай баяулап келеді. Егер 2025 жылғы желтоқсанда бұл көрсеткіш 13,5% болса, биыл маусым айының қорытындысында 10,4%-ға дейін төмендеген.

– Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 1,7%-ды құрады. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 7,9% болған еді. Мұндай нәтижеге Үкіметтің инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шараларының жүйелі іске асырылуы ықпал етті, – делінген хабарламада.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында сауда үстемесінің шекті мөлшерін бақылау және өнімді тұтынушыға жеткізу тізбегіндегі негізсіз делдалдарды қысқарту жұмыстары жалғасып жатыр.

Жыл басынан бері шекті сауда үстемесін асырғаны үшін жалпы сомасы 70 млн теңгеден асатын 2 709 әкімшілік қаулы шығарылды. Өңірлік комиссиялардың 650 отырысы өткізіліп, 2 640 заң бұзушылық анықталды. Соның нәтижесінде 2 463 әкімшілік хаттама толтырылып, 177 негізсіз делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.

Сонымен қатар электрондық шот-фактуралар негізінде 30 мыңға жуық тауар өткізу тізбегі талданып, заң талаптарының бұзылу қаупі бар 4,6 мыңнан астам жағдай анықталған.

– Өңірлерде тұрақтандыру қорлары мен айналым тетігі тиімді пайдаланылып жатыр. Маусымаралық кезеңде импорттық көкөніс өнімдерін жеткізу үшін «жасыл дәліз» жұмыс істейді. Сондай-ақ ерте пісетін көкөністерді жеткізуге арналған форвардтық келісімшарттар жасалып, баламалы логистикалық бағыттар дамытылуда, – деп мәлімдеді Үкіметтің баспасөз қызметі.

Биыл елімізде 9,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 4,6 мыңы ұйымдастырылды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үйлерге жақын аумақтарда шағын жәрмеңкелер санын көбейту тапсырылған.

Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында жеңілдетілген несиелер беріліп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен оларды өндіруге қажетті шикізатты теміржол арқылы тасымалдауға төмендетілген тарифтер, сондай-ақ электр энергиясына жеңілдетілген бағалар қолданылып келеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив