Сайлау күні басқа елдімекенде болатын сайлаушылар дауыс беру үшін дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәлігін ала алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының бүгінгі отырысында ОСК мүшесі Азамат Айманақұмов түсіндірді.
Дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне 15 күн қалған уақыттан бастап дауыс беру күнінің алдындағы күнгі сағат 18:00-ге дейін алуға болады. Мұндай куәлікті учаскелік сайлау комиссиясы сайлаушының жазбаша өтініші және жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі негізінде береді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.
- Азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскелік сайлау комиссиясынан 7 тамыздан бастап 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін алуға құқылы. Бұл ретте бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс бергісі келетін сайлаушыларға мұндай куәлік берілмейтінін атап өткен жөн. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді және олардың телнұсқалары берілмейді, – дейді Азамат Айманақұмов.
Сонымен қатар есептен шығару куәліктерін сенімхат арқылы да алуға болады. Сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді.
Пікірлер